Ресей азаматтарының Қазақстанға келіп-кетуі қалыпты деңгейге оралды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Күн сайын келетін РФ-ның азаматтарының саны мемлекеттік шекарадан өтудің орташа әдеттегі деңгейіне оралды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Республикасына Ресей азаматтарының көші-қоны туралы сауалдарыңызды қарап, мынаны хабарлаймыз. Қалыптасқан жағдайды реттеу мақсатында Үкімет көші-қон мәселелері бойынша төрт кеңес өткізді, оның ішінде екеуі – менің төрағалығыммен. Кеңес қорытындысы бойынша барлық қажетті шешімдер қабылданып, уәкілетті мемлекеттік органдар мен өңірлердің әкімдіктеріне нақты тапсырмалар берілді», - деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.

Үкімет қабылдаған іс-шаралардың нәтижесінде:

Ресей Федерациясымен шекарада Қазақстан азаматтары үшін тұрақты «жасыл дәліз» ашылды;

өткізу пунктерінде шетел азаматтарының құқықтары мен жауапкершілігі, көші-қон қызметіне хабарлау, халыққа қызмет көрсету орталықтарының, «1414» байланыс орталығы жұмысының тәртібі көрсетілген арнайы ақпараттық стендтер ұйымдастырылды;

өңірлерде тіркелмеген мигранттарды анықтау үшін мобильді мониторингтік топтар құрылды;

жағдайды тұрақсыздандыру және жалған ақпарат тарату әрекеттері, әсіресе әлеуметтік желілерде бақыланып, тоқтатылып отыр;

елге келушілер үшін уақытша тұру орындары ұйымдастырылды, олардың тіркелуі, орналасуы және тұруы үшін қажетті жағдай жасалды;

жалдамалы тұрғын үй, қонақ үйлер мен жатақханаларда тұру бағасын бақылау қамтамасыз етілді, келушілер үшін де, Қазақстан Республикасының азаматтары үшін де жалға берілетін тұрғын үй мәселесі бойынша «жедел желі» телефоны ашылды;

қоғамдық тәртіпті қорғау күшейтілді және болуы мүмкін, оның ішінде тұрмыстық және ұлтаралық қақтығыстардың және тағы басқаларының жолы кесілді.

«Сондай-ақ Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Р. Склярдың төрағалығымен Халықтың көші-қоны саласындағы мәселелерді үйлестіру жөніндегі штаб құрылды. Ұлттық нарықты қорғау, мемлекеттік шекарада және шекара маңы өңірлерінде бақылауды күшейту, көші-қон заңнамасын сақтау жөніндегі шараларды, сондай-ақ келушілерді уақытша қоныстандыруға және бейімдеуге жәрдемдесуге бағытталған іс-шараларды көздейтін көші-қонның өсуіне байланысты тәуекелдерді басқару жөніндегі іс-қимыл жоспары әзірленді. Осы жылғы қазан айында алдыңғы аймен салыстырғанда ресейліктер 65 пайызға аз келген және күн сайынғы теріс сальдо орташа есеппен 1,6 мың адамды құрап отыр. Күн сайын келетін РФ азаматтарының саны мемлекеттік шекарадан өтудің орташа әдеттегі деңгейіне оралды», - деді Әлихан Смайылов.


Соңғы жаңалықтар