Ресей азаматы 17 жыл бойы Қазақстаннан заңсыз зейнетақы алып келген

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында 17 жыл бойы Қазақстаннан заңсыз зейнетақы алып келген ресейлік анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ресей азаматы 17 жыл бойы Қазақстаннан заңсыз зейнетақы алып келген

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, көші-қон қызметінің мамандары қос азаматтығы бар әйелді Семейде ұшақ билетін сатып алған кезде анықтаған.

«Белгілі болғандай, ол Қазақстан азаматы бола тұра 2001 жылы Ресей Федерациясының азаматтығын алған. Сондай-ақ жеке басын куәландыратын құжатты тапсырмай, зейнет жасына жеткен соң 17 жыл бойы қазақстандық зейнетақыны алып келген», - делінген ақпаратта.

Қазіргі уақытта 76 жастағы әйел адам ҚР азаматтығынан айырылып, тиісті құжаттар тәркіленді.

Оған ҚР ӘҚБтК-нің 496-бабына сәйкес 100 АЕК көлемінде айыппұл салынды.

Осы ретте, көші-қон қызметі өңір жұртшылығына басқа елдің азаматтығын алған жағдайда Қазақстан Республикасы азаматтығынан шығуды уақтылы тіркеу қажет екендігін ескертеді.