Ресей әзірге Украинаға қаржылай көмектің екінші үлесін аударуға дайын емес
АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы бірнеше айдан бері Ресей мен Украина президенттері бірнеше мәрте кездесті. Ресей тарапы әзірге Украинаға қаржылай көмектің екінші траншын аударған жоқ.
Ресейлік қаржы министрлігінің басшысы Антон Силуановтың сөзіне қарағанда, Мәскеу Киев жағының ресейлік газдың жеткізіліміне төлемдердің орындалуы бойынша міндеттерді жүзеге асыруын күтіп отыр.
«Біз газ үшін украиндық тараптың есеп айырысу талаптарын орындауын күтудеміз. Ондағы қаржы сомасы аз емес. Қаңтар аяғында төлем жасалуы тиіс еді, алайда осы жұмыстар атқарылған жоқ. Бұл тұрғыда тараптардың осы міндеттерді бірге орындағаны дұрыс болар еді»,-деді министр.
Бастапқы келісім бойынша Украинаға бағытталатын 15 млрд. доллар көлеміндегі қаржылай көмекті биылдың мамырына дейін толықтай аудару көзделген болатын.
Шетелдік БАҚ-тың мәліметінше, ақпанның басындағы жағдай бойынша Украинаның газға деген қарызы 3,4 млрд. долларға жуық қаржыны құрап отыр.