Ресей банкі негізгі мөлшерлемені 14,25%-ға дейін төмендетті
МӘСКЕУ.KAZINFORM - Ресей банкі директорлар кеңесінің кезекті отырысының қорытындысы бойынша негізгі мөлшерлемені 0,25 пайыздық тармаққа төмендетіп, 14,25% деңгейінде белгіледі, деп хабарлайды агенттік тілшісі.
Нарық қатысушыларының басым бөлігі мөлшерлеме 14%-ға дейін төмендейді деп күткен болатын.
Хабарламада жылдың басындағы уақытша баяулаудан кейін экономикалық белсенділіктің қалыпты қарқынмен өсіп жатқаны атап өтілген. Реттеушінің бағалауынша, тұрақты инфляциялық қысым біршама бәсеңдегенімен, жылдық мәнде әлі де 4–5% аралығында сақталып отыр.
Орталық банк соңғы айларда несиелеу өсімінің жеделдегеніне де назар аударды. Сонымен қатар, алдағы үш жылдағы бюджет саясаты бұған дейін болжанғаннан да ынталандырушы сипатқа ие болады. Реттеушінің пікірінше, бұл сәуір айындағы базалық сценарийде көзделген деңгеймен салыстырғанда негізгі мөлшерлеменің жоғарырақ траекториясын талап етуі мүмкін.
Ресей банкі келесі отырыстарда мөлшерлемені одан әрі төмендетудің орындылығын инфляцияның баяулау тұрақтылығын, инфляциялық күтулер динамикасын, сондай-ақ ішкі және сыртқы экономикалық жағдайларға байланысты тәуекелдерді ескере отырып бағалайтынын мәлімдеді.
Реттеушінің болжамына сәйкес, жүргізіліп жатқан ақша-несие саясатының нәтижесінде жылдық инфляция 2026 жылы 4,5–5,5%-ға дейін төмендейді. Тұрақты инфляция 2026 жылдың екінші жартысында 4% мақсатты деңгейіне жақындайды. Ал 2027 жылы және одан кейінгі кезеңде инфляция осы мақсатты деңгейде сақталады деп күтілуде.
Ресей банкінің негізгі мөлшерлеме мәселесі бойынша келесі отырысы 24 шілдеге жоспарланған.
Бұған дейін Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов Қазақстандағы инфляцияның баяулауы туралы пікір білдіріп, оның реттеушінің алдағы ақша-несие саясатына қалай әсер ететінін айтқан болатын.