Ресей банкі қаржы пирамидаларының жаңа түрінің таралғанын анықтады
МӘСКЕУ. ТАСС-ҚазАқпарат – Ресей банкі инвестициялық онлайн ойындар қағидаты бойынша жұмыс істейтін қаржы пирамидаларының жаңа түрінің таралғанын анықтады.
Мұндай пирамидалар қарапайымдылығымен, ойын формасымен және оңай табыс табу мүмкіндігімен адамдарды тартады. Бұл туралы РФ ОБ-ның (Орталық банкі) жосықсыз іс-әрекеттерге қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Валерий Лях мәлім етті, деп хабарлады ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Валерий Ляхтың айтуынша, әдетте пайдаланушы ақша алу мүмкіндігі бар экономикалық ойын жобасына тіркеліп, виртуалды жылжымайтын мүлік сатып алады немесе табыс әкелуі тиіс белгілі бір кейіпкерді сатып алады. Бірақ ұтыс немесе сыйақы алу үшін жобаға жаңа ойыншыларды – туыстарын немесе таныстарын әкелу керек. Лях бұл ойындар қаржы пирамидаларындағыдай желілік маркетинг қағидаты бойынша жұмыс істейтінін атап өтті.
Лях егер жаңа ойыншылар болмаса, онда жоба жүрмей, тоқтап қалатынын, ал ақша қайтарылмайтынын айтты.
Басылымның мәліметінше, жобаға қатысу үшін қаражат сайттағы жеке кабинет арқылы әртүрлі тәсілдермен криптовалюталар, электронды төлем құралдары арқылы аударылады.
Орталық банк департаментінің басшысы атап өткендей, компаниялар сайттағы пайдаланушы келісімдерінде ақшаны қайтаруға кепілдік жоқ екенін көрсеткен, бірақ әдеттегідей, ол төменгі жағында кішкентай әріптермен жазылып тұрады екен. Ол сондай-ақ, мұндай онлайн ойын жобалары жастар мен балалар үшін қауіпті екенін айтты.
2021 жылдың тоғыз айында Ресей банкі 424 қаржы пирамидасын анықтаған, олардың 278-і үшінші тоқсанда анықталған. Ал өткен жылдың алғашқы үш тоқсанында Орталық банк 140 пирамиданың жұмысын тіркеген болатын.