Ресей банктері Қазақстан кредиттік нарығындағы позицияларын жоғалтып жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресей банктері Қазақстанның кредиттік нарығында позицияларын жоғалтуда. Бір жылда ресейлік банктердің Қазақстандағы төрт еншілес ұйымы кредиттерінің жиынтық көлемі 161 млрд теңгеге азайды, деп хабарлады ranking.kz.

Ресей банктері Қазақстан кредиттік нарығындағы позицияларын  жоғалтып жатыр

ҚР екінші деңгейлі банктерінің қарыз портфелі 2017 жылғы ақпанның аяғында 15,14 трлн теңгеге дейін 3,1%-ға (2016 жылдың ақпанында 15,62 трлн) қысқарды.

Бір жылда ресейлік банктердің Қазақстандағы төрт еншілес ұйымы кредиттерінің көлемі 11,3%-ға, 1,43-тен 1,27 трлн теңгеге азайды. Жалпы көлемнен олардың үлесі бір жылда 9,1% -дан 8,4% дейін қысқарды.

Сбербанк - Қазақстан нарығындағы ең ірі ресейлік банк. Қарыз портфелінің көлемі бойынша 4-орында. 2017 жылғы ақпанның соңында Сбербанк кредиттерінің көлемі 135,7 млрд (12,6%) жоғалтып, 940,3 млрд теңгені құрады. 2016 жылғы мамырдың аяғында триллионерлер тізімінен шығып, шілденің соңында бұл тізімге қайта кірді, ал келесі айда тізімнен біржолата шығып қалды. 90 күннен астам өтелмеген қарызы бар кредиттер үлесі 11,3%-дан  10,1%-ға төмендеді. Алайда бұл ҚР Ұлттық банкі ұсынған межеден жоғары.

Қазақстандағы екінші ірі ресейлік банк - Альфа-Банк. Банктің қарыз портфелі 2017 жылғы ақпанның соңында 33,2 млрд теңгеге (20,9%) азайып, 125,7 млрд теңгені құрап отыр. 90 күннен астам өтелмеген қарызы бар кредиттер үлесі 8,9%-дан 7,4%-ға дейін төмендеді, бұл еліміздегі екінші деңгейлі банктеріндегі деңгеймен шамалас - 7,3%.

2016-2017 ақпан кезеңінде өсімді көрсеткен жалғыз ресейлік банк - Хоум Кредит Банк. Оның қарыз портфелі бір жылда 21,3 млрд (21,1%) теңгеге өсті және  122,1 млрд теңгені құрайды. Кредит сапасы да жақсы нәтиже көрсетті. 90 күннен астам өтелмеген қарызы бар кредиттер үлесі  екі есеге жуық  - 8,7%-дан 4,4%-ға дейін   қысқарды.