Ресей басылымында жарияланған «Дағдарыстың кілті» мақаласы Елбасының жаһандық проблемалардың шешімін іздестіруге қосқан үлесі ? М.Көпеев
АСТАНА. Сәуірдің 2-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Российская газета» басылымында жариялаған «Дағдарыс кілті» мақаласы Президенттің жаһандық проблемалардың шешімін іздестіруге қосқан үлесі.
Сенат Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеев бүгін Мемлекеттік басқару академиясының оқушыларымен кездесуі барысында осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның пайымдауынша, қазіргі таңда Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, көптеген мемлекеттер экономиканы «қолмен басқаруға» көшіп отыр. «Мұның себебін мынадай мәселелермен байланыстыруға болады: Бүгінде біз экономикалық қатынастарды реттеуші ретінде мемлекеттің қатысуын түбегейлі жоққа шығаратын абсолютті капитализм идеясының тас-талқанының шыққанын көріп отырмыз. Бұл оқиға дүниеде қоспасыз ештеңенің де болмайтынына көзімізді жеткізді. Біз жекеменшікті үзілді-кесілді жоққа шығаратын абсолютті социализмнің дағдарысқа ұшырағандығының осыған дейін де куәсі болғанбыз. Осы орайда айта кетейін, Қытай басшыларының даналығы бәрімізден де асып түсті. 1970 жылдардың соңында Дэн Сяопин мемлекеттік және ұжымдық меншікті жоймай-ақ жекеменшіктің өндіріс құралдарына толық құқығын қайтару керектігіне өзінің партияластарының көзін жеткізді. Ден Сяопиннің «Бір ел, екі экономика» ұраны өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Сондықтан да мемлекеттік және нарықтық басқарудың қисынды үйлестірілуінің маңызы зор», - деді сенатор.