Ресей бидайы қазақстандық өнім ретінде экспортталып келген

АСТАНА. ҚазАқпарат – Ресей бидайы Қазақстанға кіргізіліп, отандық өнім ретінде Ауғанстан, Тәжікстан, Өзбекстанға экспортталып келген. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ресей бидайы қазақстандық өнім ретінде экспортталып келген

«ҚМА Павлодар облысы бойынша департаменті Ресей бидайын қазақстандық өнім ретінде экспорттау үшін жалған келісімшарттар бойынша заңсыз әкелу схемасын анықтады.

Анықталған тұлға 2021-2022 жылдар аралығында 26 мың тонна ресейлік бидайды Орталық Азия елдеріне (Ауғанстан, Тәжікстан, Өзбекстан) қазақстандық өнім ретінде жазылған жалған шот-фактуралар бойынша 1 млрд теңгеден астам сомаға экспорттаған.

Осылайша, жалпы сомасы 460 млн теңгені құрайтын халықаралық транзиттік тариф бойынша тасымалдау төлемдерін төлеуден жалтарған.

Сотқа дейінгі тергеу аяқталды. ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес тергеу мүддесіндегі өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды», - делінген хабарламада.

Мәлім етілгендей, ауыл шаруашылығы тауарын адал өндірушілердің мүддесін қорғау мақсатында бидай өткізуге байланысты жалған шот-фактураларды заңсыз беру фактілерінің жолын кесу жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатыр. Тек соңғы бір жарым жылда Павлодар облысында 5,4 млрд теңгеден астам сомаға жалған шот-фактураларды бергені үшін 5 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған.