Ресей бір ай бойы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төраға болады

Россия на месяц стала председателем Совета Безопасности ООН
Фото: Валерий Шарифулин /  ТАСС

АСТАНА. KAZINFORM - БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық бір айға Ресейге өтті. Соңғы рет Ресей Федерациясы бүкіләлемдік ұйымның негізгі құрылымының жұмысын 2023 жылдың сәуірінде үйлестірген болатын, деп хабарлайды ТАСС ақпарат агенттігі.

Ресей бастаған Қауіпсіздік кеңесінің бірінші отырысы дүйсенбі күні Нью-Йорк уақытымен таңертең өтеді. Онда Қауіпсіздік кеңесінің алдағы айға арналған жұмыс бағдарламасы бекітіледі.

Одан кейін Ресей Федерациясының Тұрақты өкілі Василий Небензя баспасөз мәслихатын, кейін БҰҰ Бас Ассамблеясына мүше мемлекеттер үшін жабық брифинг өткізеді.

Ресей төрағалығының орталық іс-шаралары айдың ортасында өтеді деп шамаланып отыр және олар неғұрлым әділ, демократиялық және тұрақты әлемдік тәртіпті құруға, Таяу Шығыстағы жанжалды реттеуге, сондай-ақ БҰҰ-ның ҰҚШҰ, ТМД және Шанхай ынтымақтастық ұйымымен ынтымақтастыққа арналған.

Бұған дейін Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров мәлімдегендей, соңғы тақырып қолдау тауып, осы отырысқа ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов сөз сөйлейді.

Жалпы алғанда, бір айдың ішінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі жиырмаға жуық ашық отырыс пен жабық консультация өткізеді.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі 15 мүшеден тұрады, оның ішінде бес тұрақты мүше – Ұлыбритания, Қытай, Ресей, АҚШ және Франция. Бесеуінің әрқайсысының вето құқығы бар. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің он уақытша мүшесі – Алжир, Гайана, Мальта, Мозамбик, Корея Республикасы, Словения, Сьерра-Леоне, Швейцария, Эквадор және Жапония. Дүниежүзілік ұйымның Жарғысына сәйкес, Қауіпсіздік Кеңесі бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті сақтауға жауапты және БҰҰ-ға мүше барлық елдер оның шешімдеріне бағынуға міндетті.

Қауіпсіздік Кеңесінде ұсынылған мемлекеттер өз жұмысын ағылшын тілінің алфавит тәртібі бойынша кезекпен жүргізеді. Елдің Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалығы бір күнтізбелік айға созылады. Маусым айында бұл функцияларды Корея Республикасы атқарды, ал тамызда Сьерра-Леоне Қауіпсіздік кеңесінің жұмысын басқарады.

Kazinform үшін арнайы ТАСС серіктес агенттігі ұсынған.

Соңғы жаңалықтар