16:35, 02 Қаңтар 2016 | GMT +5
Ресей былтыр рекордтық көлемде мұнай өндірді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылы Ресей 534,081 млн тонна мұнай мен газ конденсатын өндірген, бұл 2014 жылмен салыстырғанда 1,4% көп деп хабарлайды ресейлік РБК ақпарат агенттігі.

Орташа есеппен алғанда тәулігіне мұнай өндіру көлемі 2015 жылы 10,726 млн баррельге жеткен, бұл рекордтық көрсеткіш. Ал тек желтоқсан айындағы тәуліктік мұнай өндіру тіпті 10,825 млн баррель межесіне жеткен, сол айда 45,78 млн тонна мұнай өндірілген.
Былтыр мұнай өндіруде Ресейдің ірі компаниялары «Роснефть» - 189,2 млн тонна, ЛУКОЙЛ - 85,654 млн тонна, «Сургутнефтегаз» - 61,622 млн тонна, «Газпром нефть» - 34,326 млн тонна, «Татнефть» - 27,248 млн тонна, «Башнефть» - 19,919 млн тонна мұнайдан өндірген.
Алыс елдерге орыс мұнайын экспорттау көлемі 2015 жылы 220,267 млн тонна (тәулігіне 4,423 млн баррель) болды, бұл 2014 жылғы мөлшерден 10,6 пайызға артық.