Ресей дәрігерлері шымкенттік мамандардың жұмысына оң баға берді
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте эпидемиологиялық жағдай тұрақталып, науқастарға қажетті медициналық көмек берілуде. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тимур Варзилов пен Ресейден келген жоғары дәрежелі реаниматолог Денис Цветков мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қаладағы эпидемиологиялық ахуалды сөз еткен мамандар 20 шілде күнгі мәлімет бойынша шаһарда 4480 COVID-19 жағдайы тіркелгенін атап өтті.
«Өткен тәулікте 53 адам коронавирус жұқтырған. Жазылып шыққан науқастар саны - 2831. Жалпы бүгінгі күні қала бойынша 3860 төсек-орын бар (650 - инфекциялық төсек, 3210 - провизорлық), оның ішінде бос төсек-орын саны - 1809 (284 – инфекциялық, 1525 – провизорлық). Ауыр дәрежедегі науқастар үшін инфекциялық стационарларда 60 реанимациялық төсек-орын, провизорлық стационарларда 91 төсек-орын бар. Сондай-ақ қаладағы емханаларда қосымша 628 төсек-орын күндізгі стационар ұйымдастырылған. Шымкентте 2020 жылдың 1 қаңтар мен 17 шілде аралығында пневмонияның 11 035 жағдайы тіркеліп, оның ішінде 8944 науқас емделді. Бұл ретте қаланың медициналық мекемелерінде бүгінгі күні 339 өкпені жасанды желдету аппараты, 673 Бобров тыныс алу аппараты қолданылады. Қосымша 2 ауруханада оттегі станциясын іске қосу жұмысы жүріп жатыр. Бір ай ішінде тағы 3 аурухана қосылады. 2020 жылғы 17 шілдедегі жағдай бойынша тест қоры – 12 456», - деді Т. Варзилов.

Басқарма басшысының міндетін атқарушы Т. Варзилов сондай-ақ, бүгінгі таңда қалада дәрі-дәрмек қоры жеткілікті екенін де атап өтті.
«Қалада дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтардың 10 ірі көтерме жеткізушісі бар. Тіркелген 730 дәріхананың 560-ы жұмыс істейді. Жалпы, соңғы 7 күн ішінде Үкімет тарапынан арнайы бөлінген 2 ұшақпен және фармкомпанияларының біржолғы рұқсатымен бір ұшақ, Үндістан, Ресей, Украина, Өзбекстан елдерінен 9 жүк көлігі жеткізілді. Бір жолғы рұқсатпен 8 фармкомпанияға дәрілік заттарды қалаға әкелуге рұқсат берілді. Дәрі-дәрмек қаланың барлық ірі жеке дәріханаларына және 13 емдеу мекемесіне жеткізілді. Бүгінгі күні қалада дәрілік заттардың негізгі қоры жеткілікті. Оның ішінде температураны төмендететін - 47 500 қорап, вирусқа қарсы препараттардан - 71 300 қорап, 65 300 антибиотик, 39 658 антикогулянт, 22 400 С витамині, 453 122 жеке қорғаныс құралы бар», - дейді Т. Варзилов.

Брифингте Шымкентке арнайы тәжірибе алмасу мақсатында келген жоғары дәрежелі реаниматолог Д.Цветков та сөз сөйлеп, жергілікті дәрігерлердің коронавирусқа қарсы атқарып жатқан жұмысына оң баға берді.


«Байқағанымыз, қазіргі уақытта жергілікті дәрігерлер штатты режимде жұмыс істеп, ауруханаға түскен кез келген науқасқа сапалы медициналық көмек көрсетуде. Науқастардың станционарға келіп түскен уақытынан бастап толық емдеу жұмысын көріп шықтық. Бұл тұрғыда бәрі дұрыс. Шымкент қаласындағы ауруханаларда интенсивті терапияны қажет ететін ауыр жағдайдағы науқастар жансақтау бөлімінде ем алуда. Бұған қоса, оларға респираторлық терапия бойынша ем жүргізіледі екен. Бұл - өте жақсы. Әлемдік медицина деңгейінде қолданылып жатқан емдеу тәсілдерінің бірі - жасанды желдету мен инвазиялық желдету аппаратын қолдана отырып, ауыр жағдайдағы науқасты аман алып қалу. Бұл тәсілді жергілікті мамандар жақсы меңгерген. Шымкентте науқастарға кәсіптік медицина мамандарының көмегі қолжетімді. Қала тұрғындарына айтарым, ауру басталған сәттен бастап медициналық көмекке жүгініңіздер», - деді ресейлік дәрігер.
Айта кетейік, Ресейден келген 7 маман қаладағы бірнеше медицина ұйымын аралап, емдеу тактикасы бойынша жергілікті дәрігерлермен тәжірибе алмасуда. Шымкентке көмекке келген мамандардың үшеуі - реаниматолог-дәрігер болса, қалған төртеуі - инфекционистер.