Ресей ДСҰ аясында өзіне жүктеген міндеттерді толық көлемде орындап отырған жоқ - сауда жөніндегі еурокомиссар Карел Де Гюхт

Мұндай пікірді сауда жөніндегі еурокомиссар Карел Де Гюхт Еуропарламентте РФ-ның ДСҰ-ға кіруіне қатысты өткен семинар барысында білдірді.
«Ресей ДСҰ-ға мүшелігін реформаларды жүзеге асыру үшін пайдаланып отырған жоқ. Оның үстіне Ресей аталмыш ұйым аясындағы өзінің міндеттерін әркезде орындай бермейді», - деп атап өтті еурокомиссар.
К.Де Гюхттің айтуынша, Ресейдің ДСҰ-ға кіргеннен кейін импортты автомобильдерге енгізген қалдықтарды пайдалану алымы тиімсіз шара болып табылады. «Бұл дискриминациялық шара болып табылады және ДСҰ-ның ережелеріне сәйкес келмейді», - деді ол.
Өзге проблемалар арасында еурокомиссар Ресейдің Еуроодақ елдерінен аса қатайтылған ветеринарлық талаптарды қанағаттандырмайтын жекелеген мал түрлерін елге әкелуге енгізген тыйымын атап өтті.
Онымен қоса, Еуроодақ Ресейдің азық-түліктердің жүздеген түріне кедендік ставкаларды арттыру бойынша біржақты шешіміне наразы. Бұл да ставкалардың төмен деңгейін сақтауға қатысты ДСҰ талаптарына сәйкес келмейді.
К.Де Гюхттің сөзіне қарағанда, ЕО бұл проблемалы мәселелерді алдағы желтоқсанның 21-і күні Брюссельде өтетін «Ресей-Еуроодақ» саммитінде көтеруге ниетті.