Ресей Думасы балалар тауарына 10% ҚҚС қолдануды растау тәртібін қолдады
АСТАНА. KAZINFORM – Ресей Мемлекеттік думасы балалар тауарларын сату кезінде қосылған құн салығының (ҚҚС) 10% мөлшерлемесін қолдану құқығын растау тәртібін нақтылайтын заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды ТАСС.
Құжатты Ресей үкіметі әзірлеген.
Қазіргі қолданыстағы Салық кодексіне сәйкес, балаларға арналған тауарлардың арнайы тізімі бар және оларды сату кезінде ҚҚС 10% мөлшерлемемен есептеледі. Алайда заңда бұл тауарлардың шынымен балаларға арналғанын дәлелдейтін құжаттардың нақты тізімі көрсетілмеген. Соның салдарынан салық төлеушілер мен салық органдары арасында даулар туындап, төмендетілген мөлшерлемені қолдану мәселесі жиі таласқа айналып келген.
Жаңа заң жобасына сәйкес, балалар тауарларына 10% ҚҚС қолдану үшін салық органына өнімнің балаларға арналғанын растайтын ресейлік сәйкестік сертификаты немесе Еуразиялық экономикалық одақ талаптарына сай сәйкестік декларациясы ұсынылуы тиіс.
Ресей үкіметінің түсіндірмесінде бұл өзгеріс тауарды балаларға арналған өнім ретінде тану кезінде екіұшты жағдайларды болдырмауға және ҚҚС-тың жеңілдетілген мөлшерлемесін қолдану тәртібін нақтылауға мүмкіндік беретіні айтылған.
Айта кетейік, бұған дейін Ресейде Labubu ойыншықтарынан улы зат табылғаны хабарланды.