Ресей Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихын біржақты түсіндіруден бас тартуға шақырады
НЬЮ-ЙОРК. Тамыздың 7-сі. ҚазАқпарат /Әлия Алтынғазина/ - БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде Бас Ассамблеяның ресми құжаты ретінде Ресей Федералды Жиналысы Федерациялар Кеңесінің Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуының 70 жылдығымен байланысты мәлімдемесі таратылды.
Осы датаның қарсаңында Федерациялар Кеңесі бүгінде әлемде кең тарап отырған тарихи фактілерді біржақты түсіндіру талпыныстарын үзілді-кесілді айыптады. Мәлімдеме әлем жұртшылығын осынау тарихи оқиғаның себептері мен салдарын әділ бағалауға шақырады. Екінші дүниежүзілік соғыс сонау 1920 жылдары басталған әлемнің бірқатар мемлекеттерінің арасындағы бітіспес қайшылықтардың, олардың арасындағы эгоистік кеудемсоқтық пен агрессивтік талпыныстардың салдары болып табылады. «Кейбір беделді еуропалық емлекеттердің басындағы саяси күштер өз мақсаттарын діттеп, Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанға дейін еуропалық құрлықта ұжымдық қауіпсіздіктің пәрменді жүйесін құруға кедергі жасап келді. Ол жүйені сол кездегі Кеңес Одағының қатысуынсыз, бүгінде Ресейдің қатысуынсыз елестету мүмкін емес», деп атап көрсетілген мәлімдемеде.
Федерациялар Кеңесі бүгінде кейбір еуропалық елдерде, оның ішінде гитлерлік Германияның жағында соғысқан елдерде және халықаралық парламенттік құрылымдарда Екінші дүниежүзілік соғыстың нақты себептерін қайта қарауға және гитлерліктерге жандайшап болғандарды ақтауға деген белсенді талпыныстардың жасалып жатқанына алаңдаушылық білдіреді.
Тарихты қайта қарауға бағытталған бұл қадамдардың алысқа баратын, Екінші дүниежүзілік соғыстың нәтижесін қайта қарауды діттеген саяси мақсаттары бар. Кез-келген мұндай талпыныс көпұлтты Ресей халқын қорлау, халықаралық қатынастардың қалыптасқан жүйесіне іріткі салу және еуропалық мемлекеттер мен халықтарының арасына от салу болып табылады. Мұның бәрі халықаралық қатынастардың негізгі қағидалары мен қауіпсіздік пен жаһандық тұрақтылықтың мүдделеріне қайшы келеді, делінген Федерациялар Кеңесінің мәлімдемесінде.