Ресей энергожүйесіне салынған санкциялар Қазақстанның мұнай секторына әсер етпейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин Ресей энергожүйесіне салынған халықаралық санкциялар Қазақстанның мұнай секторына айтарлықтай әсер етпейді деп санайды. Ол бұндай пікірді бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

Ресей энергожүйесіне салынған санкциялар Қазақстанның мұнай секторына әсер етпейді

«Негізі халықаралық санкциялар бұл Ресейге қатысты, Қазақстанға санкцияның қатысы жоқ, болашақта болады деп те күтіп, болжаған емеспіз. Тіпті теориялық тұрғыдан алсақ та, Ресейге қатысты санкциялар Қазақстанның мұнай саласына әсер еткен күннің өзінде де, бұл тек ең бірінші кезекте мұнай экспортымен байланысты болуы ықтимал», - деді Ұзақбай Қарабалин.

Оның айтуынша, қазір Қазақстаннан негізінен шетелдік инвесторларға тиесілі мұнай экспортталып жатыр. Ал қазақстандық компаниялар өндіретін мұнайдың басым бөлігі ішкі зауыттарды қамтамасыз етуге бағытталады.

«Мұнайдың жекелеген бөлігінің 50 пайыздан сәл астамы экспортқа кетеді, ал негізінен бұл шетелдік инвесторлар, соның ішінде еуропалық және АҚШ инвесторларына тиесілі. Менің ойымша, әлгі елдер өздерінің компанияларына қатысты санкция сала алмайтын шығар», - деді Мұнай және газ министрі.

Сонымен қатар, ведомство басшысы қазақстандық мұнайдың бір бөлігі дәстүрлі бағытта Атырау-Самара және одан әрі трансмұнай жүйесімен экспортталатынын айтты.

«Мұнай экспортының екінші маңызды «қан тамыры»

Каспий құбыр желісі консорциумы болып табылады. Сондықтан да, Қазақстан осы мұнай құбырын кеңейту бағытында жұмыс істемек. Жақын аралықта бұл бағыттағы өткізу қуаты жылына 50 млн. тоннаға жететін болады», - деді министр Қарабалин.