Ресей Федерациясының болжамына байланысты астықтың әлемдік бағасы қымбаттап отыр

АСТАНА. Тамыздың 24-і. ҚазАқпарат - Биылғы астыққа қатысты Ресейден жеткен болжамның жайсыздығына байланысты бидайдың әлемдік бағасы қымбаттап отыр, деп хабарлайды РСН агенттігі.

Ресей Федерациясының  болжамына  байланысты  астықтың әлемдік бағасы  қымбаттап  отыр

Қазіргі таңда АҚШ-та астықтың желтоқсан айындағы жеткізілімінің келісімшарты 7,25 доллар/бушель бағамен (27 келіге жуық) жасалуда. Осылайша, кешегі дүйсенбі күні, бір күннің ішінде астықтың бағасы 13,5 центке дерлік қымбаттады, деп хабарлайды РБК.

Естеріңізге сала кетейік, Ресейде биыл құрғақшылықтың салдарынан 10 миллионнан астам гектар алқаптың астығы күйіп кетіп отыр, бұл жалпы егістік алқабының 30 пайыздан астамын құрайды. Осыған орай РФ Үкіметі құрғақшылық салдарынан туындап отырған ішкі сұранысты қамтамасыз ету мақсатында, тамыздың 15-і мен желтоқсанның 31-і аралығында астық экспортына эмбарго енгізді.

Ресейдің Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша Ресей ағымдағы жылы ең аз дегенде 60 миллион тонна астық жинай алады, оған қоса қорда тағы 21-24 миллион тоннадай астық бар, ал елдің ішкі сұранысына 77-78 миллион тонна астық қажет.

Дегенмен, сарапшылар нақты болжам жасауға асықпауда, олар Ресейде егін орағының қорытындысы шығарылатын қазан айын күтуде.