Ресей ГЛОНАСС-тың Аргентинада пайда болуын күтіп отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресей ГЛОНАСС стансаларын (Жаһандық навигациялық спутниктік жүйе) орналастыру бойынша Аргентина басшылығының оңтайлы шешімін күтіп отыр. Бұл туралы РФ Президенті Владимир Путин мәлім етті.

Ресей ГЛОНАСС-тың Аргентинада пайда болуын күтіп отыр

Жақында Путин латынамерикалық елдерге турнесі аясында ГЛОНАСС стансаларын Никарагуа мен Кубада орналастыру мәселесін көтерген болатын.

Ресейлік «Жаһандық навигациялық спутниктік жүйе» тура дәлдікпен теңіз, әуе және құрлықтағы нысандардың координаты мен жылдамдығын анықтауға арналған.

Айта кетейік, 2014 жылдың сәуірінде АҚШ тарапы өзінің аумағында жердегі сегіз стансаны орналастыруға Ресей тарапына рұқсат бермеді.

Жексенбіде Ресей басшысы Бразилияға сапарлап, онда ол футболдан әлем чемпионатын өткізу құқығын тапсыру рәсіміне қатысқан болатын. Осы салтанатты шараның алдында Путин Бразилия Президенті Дилма Русефпен, сондай-ақ ФИФА басшысы Йозеф Блаттермен кездесті.