Ресей интернет кеңістігінде жас бойынша сәйкестендіру жүйесін құруы мүмкін
МӘСКЕУ.KAZINFORM — Ресейдің Цифрлық даму министрлігі кәмелетке толмаған пайдаланушылардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында онлайн-платформаларда жас бойынша сәйкестендіру тетіктерін енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы ведомство басшысы Максут Шадаев Петербург халықаралық экономикалық форумы барысында мәлімдеді, деп хабарлайды агенттік тілшісі «Ведомости» басылымына сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, цифрлық ортаны реттеудегі өзекті бағыттардың бірі — жасты растау құралдарын тікелей онлайн-сервистерге енгізу. Оның сөзінше, бірқатар Еуропа мемлекеттері балаларды интернеттегі қауіп-қатерден қорғау үшін қатаң шектеулер енгізіп жатыр.
Мысал ретінде ведомство жасөспірімдер арасында танымал Roblox ойын платформасының тәжірибесін зерттеп жатыр. 2026 жылдың қаңтарында компания чаттарға қол жеткізу үшін жасты растау жүйесін енгізе бастады. Roblox компаниясының бас директоры Дэвид Базуки бұл жаңашылдық пайдаланушылардың қауіпсіздігін күшейтуге бағытталғанын мәлімдеген болатын.
Жаңа ережелерге сәйкес, 13 жасқа толмаған пайдаланушылар тек өз жас санатындағы құрдастарымен ғана байланыса алады. Сонымен қатар олардың аккаунттарындағы кейбір деректер, соның ішінде электрондық пошта мекенжайы мен телефон нөмірі жасырын болады. Жасты растау үшін бет-әлпетті тану технологиясын немесе фотосуреті бар құжатты пайдалануға болады. Компания мәліметінше, платформаның күн сайынғы 150 миллион қолданушысының шамамен үштен бірі — 13 жасқа толмаған балалар.
Сарапшылардың пікірінше, жас бойынша сәйкестендіру балаларды қажетсіз контенттен және цифрлық ортадағы түрлі тәуекелдерден тиімдірек қорғауға мүмкіндік береді.
Servicepipe білім беру жобасының менеджері Иван Горячевтің айтуынша, мұндай жүйе әртүрлі контент түрлеріне қол жеткізу ережелерін айқынырақ етеді. Ал SL Soft FabricaONE.AI компаниясының MD Audit бөлімінің техникалық директоры Юрий Тюрин қажетті құралдардың қазірдің өзінде бар екенін атап өтті. Оның ішінде аккаунттар, биометрия, банк сервистері немесе мемлекеттік платформалар арқылы сәйкестендіру тәсілдері бар.
UserGate uFactor компаниясының ақпараттық қауіпсіздік архитекторы Дмитрий Овчинниковтың пікірінше, ықтимал шешімдердің бірі онлайн-платформаларды мемлекеттік қызметтер порталымен біріктіру болуы мүмкін. Алайда бұл жағдайда қандай ақпарат берілетіні алдын ала нақты айқындалып, пайдаланушылардың жеке деректерінің қорғалуы қамтамасыз етілуі тиіс.
«Спикатела» киберқауіптерді мониторингтеу орталығының сарапшысы Роман Малышкин қауіпсіздеу балама ретінде токенизация механизмін ұсынады. Бұл жағдайда мемлекеттік оператор платформаға пайдаланушының жеке басын ашпай, тек оның жасын растау туралы ақпарат береді.
Сарапшылар мұндай жүйелерді енгізуге байланысты бірқатар қиындықтарға да назар аударады. Олардың қатарында жеке деректерді қорғау, ақпараттың таралып кетуінің алдын алу, инфрақұрылымды жаңғырту қажеттілігі және шектеулерді бөгде аккаунттар арқылы айналып өту қаупі бар.
Сондай-ақ ресейлік пайдаланушылар арасында танымал цифрлық платформалардың бір бөлігі шетелде тіркелген, бұл жас бойынша сәйкестендіруге қатысты бірыңғай талаптарды қолдануды қиындатуы мүмкін.
Мамандардың бағалауынша, Ресей интернет кеңістігінде жасты тексерудің ауқымды жүйесін құру үшін бір жылдан үш жылға дейін уақыт және елеулі қаржылық инвестициялар қажет болуы ықтимал. Осындай механизмдер қазірдің өзінде Ұлыбританияда, Австралияда, Оңтүстік Кореяда, Қытайда және Еуропалық одақтың бірқатар елдерінде сынақтан өткізіліп жатыр.
Бұған дейін интернеттегі коммуникация кезінде пайдаланушыларды сәйкестендіруді күшейту бастамалары Ресейде де, басқа елдерде де бірнеше рет талқыланған болатын.