Ресей Қазақстан мен Қырғызстаннан тауарларды жеңілдетілген түрде өткізу уақытын ұлғайтты
АСТАНА. KAZINFORM — Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан мен Қырғызстаннан Ресейге тауарларды жеңілдетілген түрде әкелу мерзімін 2025 жылдың 25 желтоқсанына дейін ұзарту туралы жарлыққа қол қойды.
— Ресей Федерациясы Президентінің 2025 жылғы 24 қазандағы «Ресей Федерациясының мемлекеттік шекарасының Ресей-Қазақстан учаскесіндегі кедендік реттеудің ерекшеліктері туралы» № 778 Жарлығына… 1-тармақтағы «2025 жылғы 10 желтоқсанға дейін» деген сөздерді «2025 жылғы 25 желтоқсанға дейін қоса алғанда» деген сөздермен ауыстыру арқылы түзету енгізу, — делінген жарлықта.
Мәселе ресейлік заңды тұлғалар үшін Ресей-Қазақстан шекарасы арқылы автомобиль көлігімен әкелінетін тауарларға қатысты.
Құжатқа сәйкес, ресейлік заңды тұлғалар мұндай тауарларды олардың Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) өнімі ретіндегі мәртебесін растайтын құжаттарсыз, сондай-ақ Одақтың немесе РФ заңнамасында талап етілетін таңбалаусыз немесе басқа ақпаратсыз әкеле алады.
Бұл ретте белгілі бір шарттардың сақтауы жағдайында мұндай өнімдерді әкелу кедендік ережелер мен өнімді таңбалау талаптарын бұзу болып саналмайды.
Міндетті шарттарға мыналар кіреді:
- ресейлік алушылардың тауарларды тасымалдау және уақытша сақтауын қамтамасыз ету;
- әкелу туралы Өнеркәсіп және сауда министрлігіне хабарлау;
- кейіннен қажетті таңбалауды қолдану.
27 желтоқсанға дейін мұндай тауарлар қолданыстағы кеден ережелеріне сәйкес декларациялануы тиіс. Ресейдің Өнеркәсіп және сауда министрлігі олар туралы ақпаратты мемлекеттік ақпараттық жүйеге енгізуге міндетті.
Бұған дейін 2026 жылдың 11 ақпанынан бастап Еуразиялық экономикалық одақ аумағында навигациялық пломбаларды пайдалана отырып жөнелтілімдерді қадағалау жүйесі іске қосылатынын хабарлаған болатынбыз.