Ресей Қазақстандағы АЭС құрылысына байланысты ұсыныс жасады

АСТАНА.AKAZINFORM - «Росатом» Қазақстанда атом электр станциясын салуға өз құзыретін беруге дайын. Бұл туралы Қазақстанға жұмыс сапарының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров айтты, деп жазады ТАСС.

Ресей Қазақстандағы АЭС құрылысына байланысты ұсыныс жасады
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

«Ресей (АЭС құрылысына) көмектесуге дайын ғана емес, Ресей өз ұсыныстарын жасап та қойды. Біз Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткізген референдумда оның атом энергетикасын дамыту жоспарларының қолдау тапқанын көрдік. «Росатом» бұл мәселені қазақстандық әріптестермен шешу үшін өз құзыретін толық қамтамасыз етуге дайын», – деді Сергей Лавров.

Лавров сондай-ақ Ресейдің «басқа мемлекеттердің тиісті мекемелерімен және құрылымдарымен ынтымақтасуға» дайын екенін айтты.

Айта кетейік, референдум қорытындысы бойынша Қазақстандағы атом электр станциясының құрылысына азаматтардың 71,12 пайызы дауыс берген.

Атом электр станциясының құрылысы жобасын жүзеге асыруға қызығушылық танытқан реакторлар технологиясын жеткізушілердің қысқаша тізімі қазірдің өзінде қалыптасты. Тізімге әлемнің жетекші төрт компаниясы кіреді: француздық EDF, Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясы, кореялық KHNP және қытайлық CNNC.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұдан бұрын француздық «Le Figaro» газетіндегі «Қазақстан Францияның стратегиялық және сенімді серіктесі» атты мақаласында атом электр станциясын салу туралы шешім қабылданғаннан кейін Қазақстан Францияның атом өнеркәсібіне қолдау көрсететінін айтқан болатын.

Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль де кореялық компаниялардың Қазақстандағы атом энергетикасы жобаларына қызығушылық танытатынын мәлімдеді.

Бұл ретте Мемлекет басшысы бұған дейін Қазақстанда атом электр стансасын халықаралық консорциум салу керектігін атап өткен болатын. Атом электр станциясын салу жобасы бойынша жеткізушіні немесе консорциумды таңдау бойынша түпкілікті шешім 2025 жылы қабылданады, деп хабарлады Энергетика министрлігі.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавровты қабылдады.

Соңғы жаңалықтар