Ресей Қазақстанға 16 мың тонна жасымықты өз аумағы арқылы экспорттауға қайта рұқсат берді
АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауапта Ресей Федерациясы екі арадағы келіссөздерден кейін қазақстандық жасымықтың Новороссийск теңіз сауда порты арқылы экспортталуына рұқсат еткенін айтты.
«21 қазанда Ауыл шаруашылығы министрлігі Ресей Федерациясы тарапынан уақытша шектеулердің енгізілуі жөніндегі мәселелерді талқылау үшін Россельхознадзор атына екіжақты кеңес өткізу туралы ресми хат жіберді. 1 қарашада тараптар арасында Россельхознадзордың өсімдік шаруашылығы өнімдерінің транзитін кідірту фактілері бойынша онлайн-кеңес өтті. Пысықтау барысында 16 мың тонна көлеміндегі қазақстандық жасымықтың партиясы «Новороссийск теңіз сауда порты» жабық акционерлік қоғамы теңіз портында кемеге сәтті тиеліп, межелі жерге жіберілді. Кездесу қорытындысы бойынша Ейск қаласының теңіз порты аумағында қазақстандық жасымық партиясының үлгілерін іріктеп, зертханалық сараптама жүргізу үшін бірлескен жұмыс тобын ұйымдастыру жөніндегі уағдаластыққа да қол жеткізілді», - делінген жауапта.
Сондай-ақ, Үкімет басшысы Қазақстан үкіметі же мұндай шектеулерге қарымта шаралар қабылдап жатқанын еске салады.
«Бұған дейін ішкі нарықты қорғау мақсатында Қазақстан үшінші елдерден және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен бидай импортына 2024 жылдың соңына дейін тыйым салу енгізгенін атап өту қажет. Бұл Ресей астығының Өзбекстан Республикасына және Қытай Халық Республикасына қайта экспортын шектеген болатын», - деп жазады Олжас Бектенов.
Премьер-министр қазақстандық экспорттаушылар өз құқықтарын Еуразиялық экономикалық одақ сотына жүгіну арқылы да қорғай алатынын айтады.
«Россельхознадзордың әрекеттеріне қазақстандық экспорттаушылар Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес өз бетінше шағымдануға құқылы екенін атап өткен жөн. Бұдан басқа, шикізаттық емес тауарларды қазақстандық экспорттаушылар үшін сақтандыруды, оның ішінде шығындарын сақтандыруды «Сараптамалық-кредиттік агенттік» АҚ ұсынады», - делінген ресми жауапта.
Бұған дейін Ресей Еуропалық одақтан Қазақстанға жөнелтілген 408 сиырды кері қайтарғанын жазған едік.