Ресей Қазақстанға төрт Амур жолбарысын табыстайды

МӘСКЕУ. KAZINFORM — «Амур жолбарысы» орталығының директоры Сергей Арамилевтің айтуынша, биыл көктемде Ресейден Қазақстанға төрт амур жолбарысын тасымалдау жоспарланып отыр, деп хабарлайды агенттік тілшісі ТАСС-қа сілтеме жасап.

амурские тигры
Фото: Xinhua

Жануарларды беру амур жолбарысын Қазақстанға интродукциялау жөніндегі ауқымды халықаралық бағдарлама аясында жүзеге асады. Бағдарламаны іске асыруға «Амур жолбарысы» орталығы қолдау көрсетіп отыр.

Амур жолбарыстары — бұрын Орталық Азия аумағында мекендеген тұран жолбарыстарының ең жақын туыстары; Қазақстанда олар 1948 жылға қарай жойылып кеткен. Аталған бағдарлама арқылы республикада олардың популяциясын қалпына келтіру көзделген.

— Жөнелтуге соңғы дайындықтар жүргізіліп жатыр. Жабайы жолбарыстармен жұмыс істеуді үйрену үшін Қазақстанның табиғатты қорғау ведомстволарының өкілдері Хабаровскіге келді. Оқу — амур жолбарысының төрт дарасын Қазақстанға жіберуге дейінгі соңғы кезеңдердің бірі. Сирек жануарларды тасымалдау 2026 жылдың көктемінде жүзеге асады деп жоспарланып отыр, — деді Арамилев.

Жолбарыстардың жынысы да, жасы да әртүрлі болады. Жыртқыштарды беру Ресейдегі жолбарыс популяциясына әсер етпейді, қазір олардың саны шамамен 750-ді құрайды.

— Әрбір жолбарыс жабайы табиғатқа жіберілген кезде арнайы спутниктік позициялау модулі бар қарғыбаумен жабдықталады. Арнайы мониторинг топтары олардың қозғалысын бақылап, жолбарыстың қандай жануарлармен қоректенетінін қадағалайды. Егер трекер арқылы жолбарыстың қандай да бір елді мекендерге жақындап келе жатқаны байқалса, мұның алдын алу шаралары қабылданады, — деді ол.

«Охотзоопром» РМК орталық өңірлік филиалының басшысы Мұрат Рымжанов жолбарыстар «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватында табиғатқа жіберілетінін атап өтті.

— 2018 жылы Балқаш көлінің маңында ерекше қорғалатын аумақ — резерват құрылды. Ғалымдар жолбарыстардың дамуына қолайлы орынды дәл осы жерден анықтады. Бұл жер алыс орналасқан, қорек қоры бар және тіршілік етуге қажетті жағдайлар жасалған. Барлығы жақсы болады деп ойлаймын, — деп нақтылады ол.

Хабаровскіде қазақстандық мамандар қажетті хаттамаларды меңгерді: қолданылатын жабдықтың ерекшеліктері мен оны орнатудан бастап, жыртқышты дәрі-дәрмек қолдана отырып уақытша қозғалмайтын күйге келтіру процедурасына дейін. Мұның бәрін олар Хабаровск өлкесінің аңшылық қадағалау инспекторлары жүргізген амур жолбарысын аулау, ветеринарлық тексеру және табиғатқа жіберу барысында үйренді.

Бұдан бұрын Амур жолбарысын Қазақстан табиғатына бейімдеу жоспары қабылданғаны белгілі болды.

Соңғы жаңалықтар
Референдум