Ресей қоғамдық келiсiмдi сақтауды Қазақстаннан үйренiп жатыр - Е. Пивовар

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресей ҰҒА корреспондент мүшесi, Ресей мемлекеттiк гуманитарлық университетiнiң ректоры Ефим Пивовар Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты бiрегей ұйымнан ТМД елдерiнiң үйренерi көп деп есептейдi.

Ресей қоғамдық келiсiмдi сақтауды Қазақстаннан үйренiп жатыр - Е. Пивовар

"Қазақстан халқы Ассамблеясы бiрегей ұйым. Менiңше, Қазақстанның этникаралық келiсiмдi сақтаудың мұндай тәжiрибесi ТМД елдерiнде жоқ. Бұл үкiмет пен қоғамның арасындағы дәнекер. Бiр жағынан ол қоғамдық ұйым, екiншi жағынан ол билiктiң ажырамас бөлiгi саналады. Себебi ол ел көшбасшысымен басқарылады. Олар Парламентте орын алып отыр. Бiр қарасаңыз, саяси күш болып та қалыптасып үлгердi. Сонымен қатар елдiң iшiнде оның базасы мықты, себебi барлық этникалық ұйымдар соған қарайды. Қазақтардың көпұлтты қоғамы үшiн бұл бiрегей тәжiрибе және ол аса маңызды", - деп атап өттi ректор "Ресей-Қазақстан қарым-қатынасы контексiндегi Қазақстандағы сайлау" атты Мәскеу-Астана бейнекөпiрi барысында.

Оның айтуынша, бiрер жылдар бұрын ғана Ресейде құрылған арнайы агенттiк Қазақстанның осынау мол тәжiрибесiн алып отыр.

"Ресейде мұндай тәжiрибенiң енуi кеш қолға алынғаны өкiнiштi. Бiр агенттiк құрылып, ол түрлi министрлiктерге, кейiн өзге бiр ведомстволардың қарамағына өттi, соңғы уақыттары ғана өзiнiң орнын тауып, қалыптаса бастады. Қазақстан халқы Ассамблеясы болса, оның өз бюджетi бар және әрдайым түрлi ұйымдармен, этникалық топтармен тығыз байланыста болды, қоғамның ұйыстырушы күшi бола бiлдi. Қазақстанда ұсақ араздықтар болмайды деген сөз емес, олар тез шешiледi, ең маңыздысы осы. Сайлау барысында азаматтық тыныштық өте маңызды рөл атқарады. Соған орай қазiр бiз Қазақстаннан көп үйренiп жатырмыз. Бiздiң iшкi саяси iс-қимылдарымызға бұл тәжiрибе көмектесетiнi сөзсiз", - дейдi Е. Пивовар.