Ресей мен АҚШ арасындағы ядролық қаруды қысқарту жөніндегі келісімнің мерзімі аяқталды
МӘСКЕУ. KAZINFORM - 2026 жылғы 5 ақпанда Ресей мен АҚШ арасындағы стратегиялық шабуыл қаруларын қысқарту туралы соңғы СНВ-III (START-3) келісімінің қолданылу мерзімі аяқталды. Бұл келісім екі елдің ядролық арсеналдарын шектеп келген болатын, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Нәтижесінде, соңғы жарты ғасырдан астам уақыт ішінде алғаш рет Мәскеу мен Вашингтон арасында стратегиялық ядролық қаруларды шектейтін ешқандай заңды міндеттеуші келісім қалмады. Мәскеу мен Вашингтон арасындағы стратегиялық қаруларды шектеу жөніндегі алғашқы келісім 1972 жылы жасалған, кейіннен мұндай келісімдер бірнеше рет ұзартылып отырған.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш СНВ-III келісімі мерзімінің аяқталуын халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін «өте маңызды әрі алаңдатарлық сәт» деп атады. Оның айтуынша, АҚШ пен Ресейдің стратегиялық ядролық қаруларына қатысты міндетті шектеулердің күшін жоюы жаһандық шиеленіс күшейіп отырған кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр.
Гутерриштің мәлімдеуінше, әлем бұрын-соңды болмаған жағдайға тап болды. Өйткені әлемдегі ядролық қарудың басым көпшілігіне ие екі мемлекет — АҚШ пен Ресейдің ядролық арсеналдарын шектейтін заңды міндеттеуші тетіктер енді жоқ.
Аталған келісімге 2010 жылғы 8 сәуірде Прагада Ресей Федерациясы мен АҚШ президенттері Дмитрий Медведев пен Барак Обама қол қойған. Ал ол 2011 жылғы 5 ақпанда күшіне енген. СНВ-III 1991 жылғы Стратегиялық шабуыл қарулары туралы келісім мен 2002 жылғы Стратегиялық шабуыл әлеуеттерін қысқарту туралы келісімді алмастырған болатын.
СНВ-III келісімі әр тарап үшін орналастырылған стратегиялық ядролық оқтұмсықтар санын 1 550 бірлікпен шектеді. Сондай-ақ құрлықаралық баллистикалық зымырандар мен ауыр бомбалаушы ұшақтар секілді жеткізу жүйелеріне шектеулер енгізді. Келісім аясында деректер алмасу, хабарламалар жіберу және орнында тексеру жүргізу сияқты тексеру тетіктері қарастырылып, өзара сенімсіздікті азайтуға және қате есептеулердің алдын алуға бағытталған еді.
Бұған дейін АҚШ пен Ресейдің Флоридадағы келіссөзі қалай өткенін жазған болатынбыз.