Ресей мен Эстония шекарасындағы өткізу пункттері алты айға жабылады
АСТАНА. KAZINFORM — 1 желтоқсаннан бастап Ресей мен Эстония шекарасындағы өткізу пункттері арқылы автомобиль қатынасы уақытша тоқтатылады.
Шектеулер бастапқыда алты ай мерзімге енгізіледі.
Осыған байланысты Еуропа бағытында халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыратын қазақстандық тасымалдаушылар мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар алдағы шектеулерді ескеріп, қозғалыс бағыттарын алдын ала жоспарлауы қажет.
Әсіресе, көлік құралдары қазір жолда келе жатқан немесе биылғы 1 желтоқсанға дейін аталған өткізу пункттеріне жетуді жоспарлап отырған тасымалдаушыларға ерекше назар аудару ұсынылады. Кешігулер мен қосымша шығындарды болдырмау үшін оларға қозғалыс бағыттарын алдын ала жоспарлап, шекарадан өтудің балама жолдарын қарастыру қажет.
Айта кетелік Қазақстан-Өзбекстан шекарасында «Жібек жолы» мен «Гишт-Куприк» өткізу пункттері ашылды.