Ресей мен Қазақстандағы бензин бағасын салыстыру мүлдем қате түсінік - сенатор

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов Қазақстандағы бензин құнын Ресейдегі бағаға жеткізу салдары әлеуметтік мәселені тудыруы мүмкін екенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алдағы уақытта біздің мұнай өңдеуші компаниялар табыс табу мақсатында бензинді шетелге шығаруы мүмкіндігі бар, себебі отынның нарықтық бағасы жоғары. Осы тұрғыдан қарастырсақ, біздің ішкі нарығымызды жанар-жағармаймен қамтамасыз етудің тиімді тетіктерін ескеру керек. Екіншіден, бұл мұнай өңдеу компанияларының отынды шетелге сату арқылы түсетін табысын еліміздегі ішкі нарықтан түсетін табысымен байланыстырмау қажет. Өйткені бұл нарықтар өзара байланыста болса, онда елімізде отын бағасы қымбаттауы ықтимал», - деді депутат Парламент Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында.

Сонымен қатар, сенатор Қазақстанда бензин құнын Ресейдегі бағаға жеткізуге болмайтынын атап өтті.

«Ресей мен Қазақстандағы жанар-жағармайдың бағасын салыстыру мүлдем қате болар еді. Себебі, РФ-тегі еңбекақы мөлшері бізге қарағанда жоғары, сондай-ақ зейнетақы деңгейі де жоғарылау. Осы орайда Ресейдегі бензин бағасына еліктеу немесе сол бағаға жеткізуге талпыну әлеуметтік салада мәселе тудыруы мүмкін», - деді Сәрсенбай Еңсегенов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Энергетика вице-министрі Болат Ақшолақов РФ-пен салыстырғанда елімізде бензин мен дизель отынының бағасы арзандау екенін айтқан болатын.

Айта кетейік, бүгін комитеттің кеңейтілген отырысында «2010 жылғы 9 желтоқсандағы ҚР Yкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.

Соңғы жаңалықтар