Ресей мен Қытай газ тасымалы бойынша «ғасыр келісімшартын» бекітті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейлік алпауыт «Газпром» компаниясы мен Қытайдың ұлттық мұнай-газ корпорациясы шығыс бағдар бойынша ҚХР-ға Ресей газын жеткізу келісімін бекітті.
«Газпром» басшысы Алексей Миллердің сөзіне қарағанда, ресейлік газды Қытайға тасымалдаудың 30 жылдық келісімшарты 400 млрд. АҚШ долларына бағаланып отыр.
Миллер сонымен қатар Ресей мен Қытай пайдалы қазбаларды өндіруге қолайлы салықтық режімді ұсынуды қарастырғанын жеткізді.
Алайда «Газпром» басшысы газ бойынша келісімдегі нақты бағаны айтқан жоқ. Осы орайда ол газ құнын коммерциялық құпия екенін атап өтті.
РФ пен ҚХР арасындағы газ бойынша негізгі келісімге 2009 жылы қол қойылған болатын. Сол уақыттан бері тараптар оның бағасы жайында келіссөздер жүргізіп келді, деп жазады ВВС.