Ресей мен Қытайдағы темекі шегушілер инсультке жиі шалдығады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Британдық ғалымдардың зерттеуіне қарағанда, темекі тарту салдарынан инсультке көбінесе Ресей, Үндістан және Қытай азаматтары шалдығады.
Осы елдердегі шылымқұмарларда жүрек ауруларынан өлім-жітім деңгейі де едәуір жоғары екен. Бұндай тұжырым жасауға 20 жыл аралығында өткізілген 187 елдегі өлім-жітім статистикасының талдауы мүмкіндік берді.
Атап айтқанда, 20 жыл ішінде Ресей, Қытай және Үндістанда темекі тартудан өлім-жітім артып отыр. Ал АҚШ-та керісінше шылымқұмарлар арасында инсульттен өлім деңгейі екі есеге жуық көрсеткішке қысқарды.
Ағылшындық ғалымдардың мәліметінше, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының конвенциясын ұстанған елдерде жүрек-қан тамырлары және өзге де дерттердің төмендеуінің оң қарқыны байқалған, деп жазады Росбалт.