Ресей мен Украина Абу-Дабидегі келіссөзден кейін тұтқын алмасуға келісті

АСТАНА. KAZINFORM — БАӘ астанасында АҚШ-тың арағаайындығымен өткен дипломатиялық консультациялардың соңғы кезеңі аяқталды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Первый день переговоров России, Украины и США завершился в Абу-Даби
Фото: БАӘ СІМ

11 қараша, сәрсенбі күні Абу-Дабиде Ресей, Украина және АҚШ арасындағы екі күндік үшжақты келіссөздер аяқталды. Қол жеткізілген нақты нәтиже ауқымды тұтқын алмасу туралы алдын ала келісім болды.

Екінші күнгі келіссөз шамамен екі сағатқа созылды, ал кеше өткен алғашқы кездесу 4,5 сағатқа созылған.

Ресей делегациясының басшысы, Ресей президентінің көмекшісі Владимир Мединский гуманитарлық мәселе бойынша принципті келісімге қол жеткізілгенін мәлімдеді.

— Біз жаңа ауқымды тұтқын алмасу туралы принципті келісімге қол жеткіздік, оның нақты параметрлері жақын арада жарияланады, — деген Мединскийдің сөзін ТАСС жариялады. 

Украина президенті Владимир Зеленский де жаңа тұтқын алмасуға дайындық басталғанын растады. Ол бұған дейін тараптар екі жақтан 1000-нан 1500-ге дейін тұтқын алмасу мүмкіндігін талқылап жатқанын хабарлаған болатын.

Тұтқын алмасудың шарттары әлі толық келісілген жоқ.

АҚШ өкілі Джаред Кушнер консультациялардың нәтижелерін жоғары бағалап, бірқатар мәселелер бойынша ымыраға келуге болатын тұстар анықталғанын атап өтті.

— Кейбір салаларда біз ымыраға келу мүмкіндіктерін көріп отырмыз, ал басқаларында одан әрі талқылаулар қажет. Бірақ менің ойымша, осының өзі өте жақсы қадам болды, — деді Кушнер. 

Кушнер Мәскеу мен Киев арасындағы сенімсіздік әлі де үлкен кедергі болып қала беретінін мойындады. Оның айтуынша, аумақтық мәселелер шешу қиын түйткіл болып отыр.

Келіссөздердің негізгі тақырыптарының бірі Еуропадағы болашақ қауіпсіздік архитектурасы және бейбітшілік келісіміне қол жеткізілгеннен кейін қолданылуы тиіс кепілдіктер болды.

Мединский тараптар қауіпсіздік мәселелері бойынша өз ұстанымын білдіргенін және консультацияларды жалғастыратынын жеткізді. Ол қатысушылардың барлығының мүдделерін ескеретін жаңа, заманауи қауіпсіздік жүйесі қажет екенін мәлімдеді.

Украина тарапы қауіпсіздік кепілдіктері және келіссөздер форматын Еуропа мемлекеттерін қамти отырып кеңейту мүмкіндігі талқыланғанын хабарлады.

Дипломатиялық күш-жігердің келесі кезеңінде АҚШ өкілдері Ресей және Украина басшылығымен жеке консультациялар өткізбек.

Кушнер 12 қарашада АҚШ президентінің арнайы елшісі Стив Уиткоффпен бірге Мәскеуге президент Владимир Путинмен кездесуге баратынын мәлімдеді.

Содан кейін америкалық дипломаттар Дублинде Владимир Зеленскиймен келіссөз жүргізуді жоспарлап отыр.

Бүгінгі кездесуден кейін Зеленский келесідегі қадамдар Америка делегациясының Мәскеудегі консультацияларынан кейін анықталатынын мәлімдеді. Ол сондай-ақ еуропалық серіктестердің келіссөз процесінің барлық кезеңдеріне қатысу қажеттілігін атап өтті.

Биыл үш тараптың қатысуымен екінші мәрте келіссөз өтіп отыр, бұған дейін ақпан айында Женевада алғашқы үшжақты консультациялар өткен.

Саяси мәселелер бойынша түпкілікті келісімдердің болмауына қарамастан, тараптар дипломатиялық диалогты жалғастыруға ниетті екенін растады.

Еске сала кетейік, кеше АҚШ тарапы Ресей, Құрама Штаттар және Украина арасындағы Әбу-Дабидегі үшжақты келіссөздердің бірінші күнінің нәтижесін оң бағалаған болатын.