Ресей мен Украина алты айдан бері алғаш рет тұтқын алмасты
Ресей мен Украина соңғы алты айда алғаш рет тұтқын алмасты. Мәскеуден хабарлағандай, Украинадағы әскери іс-әрекетке қатысқан 248 ресейлік елге оралды. Ал Киев 230 адам, оның ішінде алты бейбіт тұрғынның елге оралғанын растады. Kazinform бұл туралы Euronews-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Украина дереккөздерінің хабарлауынша, босатылғандар арасында Мариуполь, «Азовсталь» және «Змеиный» аралдарының қорғаушылары бар.
Жоғарғы Раданың Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Дмитрий Лубинецтің нақтылауынша, бұл тараптар арасындағы 49-шы алмасу болды.
Әскери тұтқындарды үйлестіру штабының мәліметінше, бұл «қайтарылған қорғаушылар саны бойынша ең үлкен алмасу».
Операцияның БАӘ делдалдығымен жүргізілгені хабарланды.

Киевтің ресми мәліметіне сәйкес, 2023 жылдың аяғында Ресей тұтқынында 4337 адам болған, оның 763-і — бейбіт тұрғындар.
Мәскеу былтыр күзде Украина тұтқынында 500 ресейлік бар екенін мәлімдеген.