Ресей мен Украина арасындағы келіссөздердің жаңа кезеңі жақын уақытта өтеді

АСТАНА. KAZINFORM — Женевада өткен келіссөздердің екінші күні Ресей мен Украина өкілдерінің кездесуі шамамен екі сағатқа созылды. Бұл туралы Ресей делегациясының басшысы Владимир Мединский мәлімдеді, деп хабарлайды DW

Ресей мен Украина арасындағы келіссөздердің жаңа кезеңі жақын уақытта өтеді
Фото: x.com/rnbo_gov_ua

Оның айтуынша, келіссөздер «қиын, бірақ іскерлік сипатта» өткен. 

— Өздеріңіз білесіздер, келіссөздер екі күнге созылды: кеше түрлі форматта өте ұзақ өтті, бүгін тағы шамамен екі сағат жалғасты. Олар қиын болды, бірақ іскерлік сипатта өтті, — деді ол журналистерге.

Сонымен қатар Мединский келіссөздердің жаңа кезеңі жақын уақытта өтетінін атап өтті.

Украина делегациясының жетекшісі — Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров келіссөздерде ілгерілеу бар екенін және бірқатар мәселелер бойынша айқындық енгізілгенін айтты. Алайда ол «қазіргі кезеңде егжей-тегжейін жариялауға болмайтынын» жеткізді.

Оның сөзінше, ресейлік тараппен өткен талқылаулар «қарқынды әрі мазмұнды» болған.

— Келесі қадам — әзірленген шешімдерді президенттердің қарауына ұсыну үшін қажетті консенсус деңгейіне қол жеткізу, — деді Умеров.

Женевадағы екі күндік келіссөздердің қорытындысы бойынша Украина президенті Владимир Зеленский әскери бағытта ілгерілеу бар екенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, екі ел өкілдері «саяси ерік болса» атысты тоқтатуды америкалық тараптың бақылауымен қадағалау мәселесі бойынша «дерлік келісімге келген».

Сондай-ақ Зеленский Женевадағы келіссөздерге еуропалық елдер өкілдерінің «кеңірек» қатысуын атап өтті.

— Біз үшін Еуропаның қатысуы өте маңызды, — деді ол.

Еске сала кетейік, Украина президенті аумақтық мәселені шешуде серпіліс жасау үшін Ресей басшысы Владимир Путинмен кездесуді ең тиімді жол деп атаған.

Осыған байланысты ол келіссөз тобына Женевада екі көшбасшының кездесуін ұйымдастыру мәселесін көтеруді тапсырған. 

Бұған дейін Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Путин мен Зеленскийдің кездесуі тек Мәскеуде өтуі мүмкін екенін мәлімдеген еді.

Айта кетелік Украина бойынша үшжақты келіссөздер Женевада басталған еді