Ресей мен Украина қақтығысы «Қазатомөнеркәсіптің» қызметіне әсер ете ме

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ресей мен Украина қақтығысы «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының қызметіне айтарлықтай әсер еткен жоқ. Бұл туралы компанияның басқарма төрағасы Мәжит Шәріпов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, компанияның барлық кәсіпорындары қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін дер кезінде қабылданған шаралардың арқасында үзіліссіз жұмыс істеді және істеп тұр.

«Қазатомөнеркәсіптің ресейлік компаниялармен бірлескен кәсіпорындары бар, бірақ олармен ынтымақтастықта қандай да бір өзгерістер болады деп ойламаймыз. Қазатомөнеркәсіп өнімінің бір бөлігін тасымалдау Ресей Федерациясының аумағы арқылы жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта тасымалдау бөлігінде қандай да бір шектеулер байқалған жоқ. Алайда, компанияда бұрын сәтті пайдаланылған баламалы тасымалдау маршруттары бар екенін де айтқым келеді», - деді М.Шәріпов компанияның 2021 жылғы жұмыс қорытындысы туралы баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, теңгенің әлсіреуі де Қазатомөнеркәсіптің қаржылық жағдайына айтарлықтай әсер етпейді, өйткені компания пайданы негізінен АҚШ долларымен алады.

Бұл айырбас бағамының ауытқуларына байланысты тәуекелдерден сақтайды.

«Әрине, болып жатқан жағдайлар белгісіздік тудырады. Біз оқиғалардың қалай өрбитінін және болашақта компанияның қаржылық жағдайына немесе операциялық қызметіне қандай әсер ететінін болжай алмаймыз. Алайда біз қазіргі жағдайды жіті қадағалап отырамыз және тәуекелдерді азайтып, қызметіміздің тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз ететін шешімдер қабылдауға дайынбыз», - дейді Қазатомөнеркәсіп басшысы.

Қазатомөнеркәсіп табиғи уран өндіретін әлемдегі ең ірі уран өндіруші болып саналады. Топтың саладағы ең ірі резервтік уран базасы бар. Қазатомөнеркәсіп еншілес, басыбайлы және бірлескен ұйымдармен бірге 14 уран өндіруші кәсіпорынға біріктірілген 26 кен орнын игеруде. Барлық уран өндіруші кәсіпорындар Қазақстан Республикасы аумағында орналасқан және уран өндіру кезінде жерасты ұңғымалық шаймалау технологиясын қолданады.

Қазатомөнеркәсіптің бағалы қағаздары Лондон қор биржасында, Astana International Exchange биржасында және Қазақстан қор биржасында орналастырылған.

Қазатомөнеркәсіп Қазақстан Республикасының Ұлттық атом компаниясы және топтың негізгі клиенттері – атом өндіруші қуаттардың операторлары, ал өнімдер үшін негізгі экспорттық нарықтар – Қытай, Оңтүстік және Шығыс Азия, Солтүстік Америка және Еуропа болып отыр.


Соңғы жаңалықтар