Ресей мен Украинаның IT мамандары атыраулықтарға балабақшадан орын алуға "көмектескен"
Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, Атырау қаласындағы «Жұлдыз» және «Көктем» шағын аудандарының тұрғындары қалалық білім бөлімі қызметкерлерінің үстінен шағым түсірген. Тұрғындар бөлім қызметкерлерінің іс-әрекетін тексеруді сұраған. Өйткені, аталған шағын аудандардағы балабақшадан орын алу үшін INDIGO автоматтандырылған қызметі арқылы ақша талап етілген.
«Біз шағын аудандар тұрғындарының шағымында айтылған деректерге тексеру жүргіздік. INDIGO платформасының мамандарымен кездестік. Нәтижесінде, қалалық білім бөлімінің қызметкерлері тарапынан сыбайлас жемқорлық әрекеттері жоқ екені анықталды. Алайда, балабақшадан орын алуға Ресей мен Украинаның IT мамандарының қатысы бар болып шықты. Олар әлеуметтік желідегі парақшаларда балабақшаға жолдама алу үшін қызмет құнын белгілеген. Баласын мектепке дейінгі мекемеге орналастырғысы келген ата-ана «көмекшіге» өзінің ЭЦҚ-кілтін береді. Ал, шетелдік «көмекші» мектепке дейінгі мекемеден орын броньдайды. Ол бұл «қызметі» үшін 30-40 мың теңге алады. Мұндай броньды ата-аналардың өздері тегін жасай алады. Платформада арнайы нұсқаулық бар. Қалалық білім беру бөлімінен кеңес берілуі мүмкін», - деді Жасұлан Бисембиев.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 160 орындық жаңа балабақша ашылғанын хабарлаған болатынбыз.
Кейін мұнайлы шаһарда тағы бір 160 орындық жаңа балабақша пайдалануға берілді.