Ресей мұнай-химия өнімдерінің жекелеген түрлерін әкетуге тыйым салды
МӘСКЕУ. Kazinform — Ресей үкіметі Еуразиялық экономикалық одақтан тыс жерлерге мұнай-химия өнімдерінің жекелеген түрлерін әкетуге уақытша тыйым салды, деп хабарлайды агенттік тілшісі Ресей үкіметі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шектеу үш айға енгізіледі. Үкіметтің хабарлауынша, шешім ресейлік өнеркәсіп кәсіпорындарын шикізатпен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған.
Тыйым тас көмірден және мұнайдан алынатын бензолды, толуолды, ортоксилолды, параксилолды және фенолды әкетуге қатысты.
— Олар, атап айтқанда, автомобиль, авиация, кеме жасау және теміржол машина жасау салаларына арналған лак-бояу жабындарын, азық-түлік өнімдеріне арналған қаптамаларды, еден жабындарын және кабель өніміне арналған оқшаулағыш материалдарды өндіруде, сондай-ақ медицина өнеркәсібінде қолданылады, — делінген хабарламада.
Шара мұнай-химия өнімдерін халықаралық транзиттік тасымал шеңберінде әкетуге, халықаралық гуманитарлық көмек желісі бойынша жеткізуге, сондай-ақ Шпицберген архипелагындағы ресейлік ұйымдардың қызметін қамтамасыз етуге қатысты қолданылмайды, деп нақтылады үкіметте.
Еске салайық, бұған дейін Ресей дизель отынын экспорттауға салынған тыйымды ұзартқанын хабарлаған едік.