Ресей мұнайы Қазақстан арқылы Қытайға тасымалданбақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінде палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Қытай Халық Республикасына ресейлік мұнайды тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

Ресей мұнайы Қазақстан арқылы Қытайға тасымалданбақ

Аталған келісім 2013 жылдың 24 желтоқсанында Мәскеу қаласында жасалған болатын.

«Келісім ресейлік мұнайды жылына 7 млн тонна көлемінде ұзақ мерзімді тасымалдауы үшін жағдай туғызады. Бұл ретте Омбы (Ресей) - Ертіс (Қазақстан) - Атасу (Қазақстан) -Алашанькау (ҚХР) тасымалдау бағыты бойынша магистральдық құбырлар жүйесіне қол жеткізу құқығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, магистральдық құбырдың өткізу мүмкіндігін он миллион тоннаға дейін ұлғайту мүмкіндігі де ескеріледі», - дейді Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин.

Оның айтуынша, мұнай тасымалдауға арналған тариф бес жылға бекітіледі. Мұнайды тасымалдау бағыты бойынша тасымалданған мұнайдың әрбір тоннасы үшін АҚШ долларымен есеп айырысу қарастырылады. Қазақстан тарапы тасымалдау бағыты бойынша мұнайды тасымалдау жөніндегі қызметтерге нөлдік мөлшерлемемен қосылған құн салығын салуды көздейді. Бұл ретте Қазақстан тарапы еліміздің салық заңнамасына сәйкес, қосылған құн салығын қайтару үшін мұнайды тасымалдау жөніндегі қызметтерді халықаралық тасымал ретінде қарастырады.