Ресей нарығында халал атын жамылған өнімдерге тосқауыл қойылатын болды

АСТАНА. 26 ақпан. ҚазАқпарат - Өткен аптада Ресей мүфтилер кеңесінің (РМК) сарайында осы кеңестің төрағасы, шейх Равиль Гайнутдин «Халал» атты халықаралық стандарттау және сертификаттау орталығының бас директоры Айдар қажы Ғазизбен кездесті. Бұл жайында РМК баспасөз қызметі хабар таратты.

Ресей нарығында халал атын жамылған өнімдерге тосқауыл қойылатын болды

muslim.kz сайтының жазуынша, кездесу барысында олар РФ аумағындағы халал саласының даму жайын сөз етіп, өзекті мәселелерді шешу жолдарын іздестірді. Нақтырақ айтқанда, мұндай мәселелердің қатарында нарықты теріс пиғылды өндірушілерден қорғау (қазіргі уақытта бұл міндет «Халал» халықаралық стандарттау және сертификаттау орталығы мен РМК ынтымақтастығы аясында шешіліп жатыр), сондай-ақ, шетел нарығына шығуға мүмкіндік беретін және өзге де жеңілдіктерді алға тартып, айла-шарғымен өндірушінің басын айналдыратын түбі шикі сертификаттау органдарымен күресу мәселесі де бар.

«Халал» мен РМК өкілдеріне белгілі болғандай, ресейлік нарықта қолданыста жоқ стандарттармен өндіріске жол ашатын ұйымдар (өкінішке қарай, олардың қатарында діни ұйымдардың бар екенін айта кету керек) пайда болды. Арнайы рұқсаты болмаса да өздерін халықаралық ұйым ретінде таныту арқылы тек халал өндірісінің абыройына ғана емес, сонымен бірге, Ислам атына да кір келтіріп жүр.

РМК төрағасы «Халал» қызметіне және халал атына кір келтіріп жүргендермен күресу шараларына қолдау көрсететінін жеткізді.

Кездесу соңында Айдар қажы Ресей мұсылмандарының рухани жетекшісі, шейх Равиль Гайнутдинге «Халал» индустриясының дамуына үлес қосып, қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.