Ресей Пальмираны қалпына келтірумен айналысады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресей ЮНЕСКО-ның халықаралық науқаны аясында «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымы содырларынан азат етілген Пальмираның (Сирия) ежелгі ескерткіштерін қалпына келтірумен айналысады, деп мәлімдеді Мемлекеттік Эрмитаждың директоры Михаил Пиотровский. Бұл туралы Би-би-си хабарлады.
«Содырлар Пальмираны басып алып, әлемдік маңыздағы жәдігерліктерді қирата бастағанда біз, бұған не амал істеуге болады, деп қатты ойландық», деп әңгімеледі М.Пиотровский.
«Әлемнің барлық музей қызметкерлері Пальмира туралы материалдарды жинау жөнінде үлкен науқан ашты, оны азат еткеннен кейін халықаралық науқан оны жаңғыртып, қалпына келтіруге әзірленді», - деп атап өтті Эрмитаж директоры.
Пиотровскийдің айтуынша, қазір, ең бастысы, ескерткіштерді минадан тазарту аяқталғаннан кейін, қандай ескерткіштер сақталды, қайсысының қирандылары қа йда жатыр екенін анықтайтын карта жасалады.
Пиотросвский қайта түлеген Пальмира ежелгі мәдениет ескерткіші болуымен қатар, қазіргі алапат оқиға туралы естелікті де сақтап, кейінгі ұрпақтарға жеткізуі тиіс, деп санайды.
«Біз музейдің бұрынғы директоры, заманымыздың ұлы батырын ұмытпауымыз қажет, ол содырлардың ескерткіштерді тасып әкетуіне қарсылық білдіргені үшін өлтірілді. Біз Пальмира үшін қан төккен сарбаздарды да есте сақтауға тиіспіз», - деді ол.