Ресей президенті: Қазақстанды адал дос деп танимыз
АСТАНА. KAZINFORM – Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Қазақстандағы кезекті мемлекеттік сапары аясындағы шағын құрамдағы келіссөзде екі елдің алыс-берісіне тоқталды.
«Бүгінгі келіссөздердің қорытындысы бойынша бірқатар құжат қабылданады. Олардың қатарында Бірлескен мәлімдеме және түрлі саладағы ықпалдастығымызға қатысты құжаттар бар. Ресей Қазақстанның ең ірі сауда-экономикалық серіктесінің бірі болып қала береді. Сауда айналымы өсті, былтыр оның көлемі 28,5 миллиард долларды құрады. Қазақстан экономикасына құйылған инвестиция 13 миллиард долларға жетті. Әрине, біз азаматтық қоғам, білім, ғылым және мәдениет бағытында дамып келе жатқан гуманитарлық байланыстарымызды бағалаймыз. Бұл тұрғыда Ресейде білім алатын шетелдік студенттердің басым бөлігін қазақстандық жастар құрайтынын айтсақ жеткілікті», — деді Ресей президенті.
Оның сөзінше, екі елдің арасындағы аймақаралық ынтымақтастық та табысты өрбіп келеді.
«Бүгін Уфада кезекті іс-шара өтіп жатыр. Сізге Ресей-Қазақстан ынтымақтастығын дамытуға ерекше назар аударғаныңыз үшін алғыс айтамын. Біз Қазақстан Президентінің осынау маңызды жұмыстарға әрдайым ықылас қойып отыратынын жақсы сезінеміз. Қазақстанды адал досымыз және жақын одақтасымыз деп танимыз», — деді Владимир Путин.