Ресей Президенті Әзірбайжанда ресми сапармен болды
БАКУ. 14 тамыз. ҚазАқпарат - Ресей Президенті Владимир Путин Әзірбайжанда ресми сапармен болды.
Әзірбайжан Президенті Илһам Әлиев пен Ресей Президенті Владимир Путиннің кеңейтілген құрамда делегациялардың қатысуымен кездесуінен кейін әзірбайжан-ресей шарттарына қол қою рәсімі болды.
Ресей мен Әзірбайжан мұнай мен газды барлау және өндіруде, әскери-техникалық ынтымақтастықта өзара іс-қимылды кеңейтеді, екі елдің шекарасында Самур өзені арқылы көпір салады - РФ Президенті В.Путиннің Бакуге жұмыс сапарының қорытындылары осындай.
Тараптар Әзірбайжан Республикасының Мемлекеттік мұнай компаниясы мен «Роснефть» мұнай компаниясы» ашық акционерлік қоғамы арасында ынтымақтастық туралы және мұнай жеткізудің негізгі шарттары туралы келісімге қол қойды.
Сонымен бірге, Әзірбайжан Республикасы төтенше жағдайлар министрлігі мен Ресей Федерациясының азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлар және стихиялық апаттар салдарын жою министрлігі арасында 2013-2015 жылдарға арналған ынтымақтастықтың кешенді жоспарына, Әзірбайжан Республикасы үкіметі мен Ресей Федерациясы үкіметі арасындағы авиациялық іздеу, «Самур» (Әзірбайжан Республикасы) - «Яраг-Казмаляр» (Ресей Федерациясы) өткізу бекеті маңында Самур өзені арқылы автомобиль көпірі құрылысы туралы келісімге және ӘР мен РФ арасында гуманитарлық саладағы 2015 жылға дейінгі ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды.