Ресей «Протон-М» апатынан келген залалды әлі күнге өтеген жоқ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресей «Протон-М» апатынан келген залалды әлі күнге өтеген жоқ. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров мәлім етті.

Ресей «Протон-М» апатынан келген залалды әлі күнге өтеген жоқ

«Біз залал сомасын есептедік. Ендігі мәселе «Роскосмостың» қолында. Біз аталған залалды өтеу бойынша «Роскосмоспен» тұрақты келіссөздер жүргізудеміз», - деді ол.

Еске сала кетейік, былтыр 2 шілде күні «Байқоңыр» ғарыш айлағында №81 алаңқайдан үш «Глонасс» серігі бар «Протон-М» зымыран-тасығышын ұшыру кезінде апат орын алды. Зымыран жерге құлдилап, жарылды. Осыдан кейін Қазақстан тарапы зымыранның апатқа ұшырауынан келген залалдың көлемін 90 млн. долларға бағалаған еді. Бұл шығын Ресей тарапынан әлі күнге дейін өтелген жоқ. Оған Үкімет басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев та алаңдаушылық танытып, ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде Байқоңыр аумағында Қазақстанның Экологиялық кодексінің іс-қимылын тарату мен шығынның орнын толтыру бойынша мәселелердің шешімі осыған дейін созылып келе жатқандығына қынжылыс білдірген еді.