Ресей сарапшысы: Қазақстан жағдайында жылына 6 млн. емес, 16 млн. шаршы метр тұрғын үй салуға болады
«Өркениетті елдерде бір тұрғынның басына шаққанда қанша шаршы метр тұрғын үй берілуі керектігі жөнінде арнайы өлшемдер бар. Мәселен, АҚШ-та жылына жан басына шаққанда 2 шаршы метр, ал Еуропада 1,5 шаршы метр тұрғын үй беріліп отырады. Егер біз Қазақстанды өркениетті ел деп есептейтін болсақ, онда жылына кем дегенде 1 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп отыруы тиіс. Бүгінде Қазақстан жылына 6 млн. шаршы метр тұрғын үй салуды межелеп отыр, ал шындығында 16 млн. шаршы метр салынуы қажет», - деді В. Коновалов.
Дегенмен, сарапшының пікірінше, бұл тапсырманы орындау әу бастан-ақ мүмкін болмады. «Бұл 16 млн. шаршы метрді қалай салуға болады? Бұл мүмкін емес. Өйткені Қазақстан қазіргі қолда бар ресурстары мен технологияларын қолданатын болса, онда құрылысшылар да, құрылыс материалдары да жетпейді», - деді ол.
Оның атап өтуінше, бұл проблемаларға әсіресе Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Ұлыбритания, Франция, Германия сияқты елдер де тап болған.
«Бұл мәселені шешудің жолы әрдайым тек біреу ғана болған. Кез келген мемлекетте ең алдымен білікті де беделді сарапшылар комиссиясы құрылған. Олар белгілі бір мөлшерде осыншама шаршы метр үй салу керек деген меже қойған да, соған шыдас беретін технология таңдалған. Бұл өте маңызды кезең, технологиясыз мұндай ауқымды жұмысты еңсеру мүмкін емес», - деп тоқталып өтті В. Коновалов.
Оның сөздерінше, бүгінде шаршы метрдің құнын төмендететін едәуір арзан технологиялар бар. «Заманауи жетістіктерді пайдалана отырып, Кеңес одағы кезіндегідей құрылыс материалдарын шығаратын өндіріс орындарын құру керек», - деп түйіндеді сарапшы.