Ресей Сарышаған полигонын жалдауды қысқартқаннан кейін бюджетке түсім 2,5 млн долларға азаяды

Бұл туралы бүгін Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «1996 жылғы 18 қазандағы Қазақстан Республикасы мен РФ арасындағы Сарышаған сынақ полигонын жалдау туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы талқылау барысында мәлім болды.
Хаттамаға 2015 жылы 16 сәуірде Мәскеуде қол қойылған.
«Ресей тарапы Сарышаған полигонынан жалға алып отырған 8 млн. гектардың 1 млн. гектары қысқартылады. Осыған байланысты жалдау сомасы да түзетілетін болып отыр. Нақтылап айтқанда, жалдау сомасы 2 млн. 656 мың долларға кемиді», - дейді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Оқас Сапаров. Оның айтуынша, Ресей жалға алып отырған Сарышаған полигон аумағы үшін 18 млн. 900 мың доллар төлеп келген болатын. Енді бұл сома 2 млн. 656 мың долларға қысқарады.
«Қалған 16 млн. 276 мың долларды Ресей ақшалай бюджетке аударады. Ресейдің жалдау сомасы гектарына 2,33 долларды құрап отыр. Жалпы біз Ресейге жалға 10 млн. гектардан астам жер учаскелерін полигон ретінде пайдалануға жалға беріп келеміз. Бұдан жыл сайын бюджетке 24 млн. доллардан астам сома бюджетке түсіп келген болатын. Бұл алдағы уақытта қысқаруға ұшырайды», - деді министр орынбасары.
Айта кетерлігі, Ресейден қайтарылған жерлерден жалдау ақысы қысқартылғанымен, оның орнын толтыратын және арттыратын республикалық бюджетке төлемдер түсіретін жобалар іске асырылмақ. Мәселен, қазақстандық шаруашылық субъектілердің, пайдалы қазбаларды өңдеуге, полигонның аумағы арқылы өтетін теміржол, автокөлік және әуе жолдарын пайдалануға байланысты жалдау ақысы өтеледі. Яғни, хаттама теріс әлеуметтік-экономикалық салдарға соқтырмайды.
Заң жобасы Парламент Сенатының алдағы уақытта өтетін жалпы отырысына шығарылатын болады.