Ресей сайлау комиссиясының өкілі Қазақстандағы референдумның ұйымдастырылуын жоғары бағалады

АСТАНА. KAZINFORM — Ресей Федерациясы Орталық сайлау комиссиясының мемлекеттік хатшысы Наталья Бударина Қазақстанда өткен республикалық референдумның ұйымдастырылу деңгейін жоғары бағалады.

Ресей сайлау комиссиясының өкілі Қазақстандағы референдумның ұйымдастырылуын жоғары бағалады
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

— Кеше мен 20-дан астам учаскеде болдым. Барлығы өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Заң бұзуды айтпағанда, тіпті ең болмашы ескертулер де айтылған жоқ. Өйткені барлық рәсім Қазақстан Республикасының референдум туралы заңнамасына қатаң сәйкес жүргізілді, — деді Наталья Бударина.

Н. Бударина дауыс берудің тыныш әрі қалыпты жағдайда өтуі референдум комиссияларының үлкен еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті.

— Учаскелерде ерекше көтеріңкі, мерекелік атмосфера болғанын атап өткім келеді. Мұны бәрі көрді: қатысушылар отбасыларымен келді, кейбірі кезекте тұрғанына қарамастан, барлығы достық әрі жылы жағдайда өтті, — деп қосты РФ ОСК мемлекеттік хатшысы.

Еске салайық, ҚР Орталық референдум комиссиясы республикалық референдумдағы дауыс берудің алдын ала нәтижелерін жариялады. Есептеу қорытындысы бойынша референдум ресми түрде «өтті» деп танылды.

Бұған дейін Түркия Республикасының Жоғарғы сайлау кеңесінің төрағасы Ахмет Йенер Қазақстандағы конституциялық референдумның ашық, әділ және қауіпсіз өткенін айтты.

Соңғы жаңалықтар