Ресей шетелдік студенттердің елге келу тәртібін жеңілдетті

МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Шетелдік студенттердің Ресейде уақытша болу мерзімі оқудың аяғына дейін ұзартылды. Елде «Шетел азаматтарының РФ-дағы құқықтық мәртебесі туралы» заңға осындай өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның Мәскеудегі меншікті тілшісі «Проект 5-100» жобасына сілтеме жасап.

Ресей шетелдік студенттердің елге келу тәртібін жеңілдетті

Бұл шетелдік студенттердің барлығына, соның ішінде мемлекеттік білім беру ұйымының дайындық бөлімінде немесе дайындық факультетінде оқып жатқандарға да қатысты. Оқуын жалғастыру үшін басқа оқу орнына ауысқан шетелдік студенттер де енді РФ-да оқуын бітіргенге дейін қала береді.

Бұдан тыс, өзгерістер дайындық бөліміндегі оқуын бітірген және басқа оқу орнына қабылданған шетел азаматтарының РФ-да уақытша болу мерзімін ұзартуды да көздейді. Мұндайда шетелдіктің елде уақытша болуын ұзарту туралы өтінішті аумақтық көші-қон органына ЖОО-ның өзі тапсырады.

Көптен күткен өзгерістер Ресейдегі бірқатар ЖОО, соның ішінде «Проект 5-100» жобасына қатысушы университеттер ректорларының бастамасымен енгізіліп отыр.

Санкт-Петербург Ұлттық ақпарат технологиялары, механика және оптика зерттеу университетінің Шетелдік студенттерді оқыту орталығының директоры Марина Серованың айтуынша, заңға өзгерістер Ресейде оқып жүрген шетел азаматтарының мүддесін қорғау мақсатында енгізілген. «Осы заң күшіне енгенге дейін шетел азаматтары Ресейде оқуға асықпайтын еді. Бұл миграциялық ережелердің қатаңдығымен байланысты. Ал енді дайындық факультеті жай ғана қосымша курстар емес, жоғары кәсіби білім алудың бастапқы кезеңіне айналып отыр. Бұдан былай шетелдік студент РФ-да үзіліссіз оқуын жалғастыра береді», - дейді ол.