Ресей Сыртқы істер министрі Лавров Астанаға жұмыс сапарымен келді

АСТАНА. KAZINFORM — Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Астанаға келіп, бейсенбі күні ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен келіссөздер жүргізеді, деп хабарлайды ТАСС ақпарат агенттігі. 

Сергей Лавров
Фото: Ресей Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі

Ресей Сыртқы істер министрінің екі күндік жұмыс сапары 6-7 қарашада өтеді. Нұртілеумен келіссөздерден басқа, Лавров Астанадағы жоғары оқу орындарының бірінің оқытушылары мен студенттерімен кездесу өткізеді.

Бұған дейін РФ СІМ ресми өкілі Мария Захарованың баяндауынша, келіссөздер барысында сыртқы істер ведомстволарының басшылары Ресей Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапарын дайындауға ерекше көңіл бөледі. Бұдан басқа, екіжақты күн тәртібі, сондай-ақ екі тарапты да қызықтыратын өзекті халықаралық мәселелер талқыланады.

«Сонымен бірге, ортақ интеграциялық алаңдарда, бірінші кезекте ЕАЭО, ҰҚШҰ, ТМД, ШЫҰ бойынша өзара іс-қимыл туралы пікір алмасу болады», — деп хабарлады ресейлік дипломат.

Бұған дейін, Қазақстан мен Ресей жолаушылар тасымалын қалпына келтіру мүмкіндігін қарастырып жатқаны белгілі болды.

Kazinform үшін арнайы ТАСС серіктес агенттігі ұсынған.

Соңғы жаңалықтар