Ресей транзитті құс етін Қазақстанға өткізу үшін талаптар қойды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасына Ресей Федерациясы арқылы келетін құс етінің транзитіне шектеу алынып тасталды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мәлім болғандай, құс етінің транзитіне шектеудің алынуы - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының орынбасары Алексей Гордеевпен кездесуінің нәтижесі.
22 қаңтар күні Мәскеуде өткен кездесуде қазақстандық тарап Россельхознадзор тарапынан үшінші елдерден құс етінің транзитіне Қазақстан Республикасының шекарасын шектеу туралы мәселені көтерді. Ресей уақытша транзиттік шектеулерді 2018 жылғы 20 қарашада енгізген болатын.
«Ресей тарапы өз аумағы арқылы құс етінің транзитіне шектеуді келесі екі жағдай бойынша алып тастауға келісті: Ресей Федерациясы арқылы Қазақстанға транзитпен құс етінің импортын жүзеге асыратын кәсіпкерлер, қозғалысты қадағалауды қамтамасыз ету үшін «Меркурий» жүйесіне ақпаратты енгізуі тиіс. Сондай-ақ құс өнімдерін қайта тиеу және уақытша сақтау тек мал шаруашылығы өнімдерін сақтау үшін ЕАЭО сертификаттаған ЕО кәсіпорындарында жүргізілуі қажет. Бүгінгі таңда ЕО-ның кедендік аумағына әкелінетін бақылауға жататын тауарларды өндіру, өңдеу және (немесе) сақтау жөніндегі ұйымдар мен тұлғалардың Реестріне енгізілген мал шаруашылығы өнімдерін сақтау және сату бойынша литвалық 6 кәсіпорын аттестацияланған: «Ketonas», «Klaipėdos šaldytuvų terminalas», «Kaminatrans», «VPA Logistics» (2 склада), «Klaipėdos Smeltė», «Frigolita», - делінген АШМ хабарламасында.