Ресей украиндық сүттен бас тартты
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін, 28 шілдеден бастап Ресей Украинадан сүт пен сүт өнімдерін жеткізуге тыйым саалады. Өсімдік шаруашылығы өнімдерін әкелуді де шектемек, деп хабарлады РФ Федералдық ветеренариялық және фитосанитарлық қызметі.
Шенеуніктердің айтуынша, украиндық сүт өнімдерінде антибиотикті қоса алғанда, тыйым салынған, зиянды заттар қалдықтары, ауыр металл тұздары, патогендік микроағзалар жиі кездеседі. Дайындау үрдісі де күмән тудырады, сапасы, өндірілген жері белгісіз пальмалы майды қолдануда, деп хабарлады ИТАР-ТАСС.
Дүйсенбіден бастап жүксалғышпен, жолаушылармен, пошта жөнелтілімдері арқылы украиндық өсімдік өнімдерін әкелуге тыйым салу да өз күшіне енеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ресейге Украинаның 13 зауытынан ірімшік, елдің барлық кәсіпорындарынан зиянды құрттың болуына байланысты картоп, африкалық шошқа обасы таралу қаупінің болуына байланысты шошқа еті импортына тыйым салынған. Сондай-ақ украиндық Roschen компаниясының фабрикаларынан кондитерлік өнім жеткізуге шектеу қойылды.