Ресей ұялы байланыс сигналдарын тұншықтыратын арнайы құрылғыларды заңдастыруы мүмкін

АСТАНА. 28 ақпан. ҚазАқпарат - Ресей ұялы байланыс сигналдарын тұншықтыратын арнайы құрылғыларды заңдастыруы ықтимал.

Ресей ұялы байланыс сигналдарын тұншықтыратын арнайы құрылғыларды заңдастыруы мүмкін

«Коммерсант» басылымына белгілі болғанындай, бұл бастама 16 наурызда Радиожиілік жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында қаралмақ.

 Әңгіме театрларда, шіркеулерде және мемлекеттік сынақ кезінде телефондардың қоңырауларын тұншықтыратын шу генераторлары немесе радиосигнал блокираторлары туралы болады деп күтілуде, деп хабарлайды РБК.

 Әзірше, дереккөздің хабарлауынша, аталмыш құрылғыларды аймақтан тыс орналасқан телефондардың байланысына кедергі келтірмейтіндей етіп жөндеп, күйге келтіру үшін тәжірибелік сынақ жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар блокираторлардың қандай орындарда және қанша уақытқа қоюға болатынын реттеп, нақты белгілеу қажет.

 «Мұндай рұқсат жаппай беріле бермеуі тиіс. Өйтпеген жағдайда байланыс операторларының табысы кемиді. Сондай-ақ абоненттерді құлақтандыру мен олардың келісімін алу жүйесі жасалуы тиіс. Байланыс тұншықтырылатын аумақта таксофондардың тарифтерін шарықтату арқылы бизнес жасауларына да жол бермеуіміз керек», - дейді ол басылымға берген сұхбатында.       

 Қазірдің өзінде радиосигналдардың блокираторларын интернет-дүкендер арқылы сатып алуға болады. 500 метрлік радиусты қамти алатын осындай құрылғы 500 мың рубль тұрады.

 Дереккөздің айтуынша, бүгінгі таңда радиосигналдар кейбір театрларда тұншықтырылады, бірақ ол заңсыз іс-әрекет болып табылады.

 Бастама мемлекеттік сынақ өткізу кезінде мектептерде де қолданылады деп болжануда.