Ресей жалдап келген полигондарды қайтару туралы бастаманы Қазақстан жасады - М. Алтынбаев

Еске салайық, отырыста «1996 жылғы 18 қазандағы Қазақстан Республикасы мен РФ арасындағы Сарышаған сынақ полигонын жалдау туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланған болатын.
Айта кетерлігі, қазіргі таңда Қазақстан Ресейге Сарышаған полигон аумағы үшін 8 млн. 325 мың гектарды жалға беріп отыр. Бұл аумақтар көлемі қысқартылу үстінде.
«Жалдауға берілген жерлерді қайтарып алу, ең біріншіден, еліміздің экономикалық мүдделеріне сәйкес келеді. Біз Ресей тарапы жалдаудан шығаратын жер учаскелерін тағы да нақтылай отырып, оны пайдалану тәртібін де жетілдіре түсуіміз керек. Тұтастай алғанда, Ресей Қазақстанда полигон үшін жалдап отырған жер учаскелерін қысқартып жатыр, келешекте де қысқартылуы мүмкін. Бұл оларға түскен экономикалық қиындықтармен де байланысты шығар. Дегенмен, полигонның жер учаскелерін қысқарту туралы бастаманы Қазақстан тарапы көтерді. Елбасы тапсырма беріп, оны тиісті облыс әкімдіктері мен мүдделі министрліктер қолдады. Осыны ескеруге тиіспіз», - деді М. Алтынбаев. Оның айтуынша, жалға беріліп отырған әскери полигондарды тек Ресейдің мүлкі ретінде қарауға болмайды. Сенатор пайыздық үлеске салса полигонның басым бөлігін Қазақстанның өзі пайдаланып жатқанын мәлім етті. «Оның үстіне Сарышаған аумағын келешекте халықаралық полигон ретінде де қолдану мәселесін ойлана берген абзал. Өйткені, дәл осын Сарышаған секілді ату ұзақтығы жағынан бірегей полигон Ресейде де, Қытайда да жоқ. Сонымен қатар, заманауи зымыранды кешендерді де осы аумақта сынау қолайлы. Бұл инфрақұрылымды келешекте де дамыта берген дұрыс», - деді М. Алтынбаев.
Талқылау барысында сенатор Нұртай Әбіқаев Ресей жалдап отырған немесе жалдан шығарған полигонды Қазақстан өзі де белсенді түрде игеріп, оны кеңінен пайдалану туралы мәселе көтерді. «Біздің Ресеймен әскери ынтымақтастық туралы шарттарымыз бар. Сонымен қатар, бұл полигондарды Ресеймен бірлесіп Қазақстанның да әуе қорғанысы күштері ретінде одан әрі пайдалануды жалғастыруға тиіспіз», - деді Н. Әбіқаев.