Ресей және Беларусь тауық еттерінен сальмонелла таяқшалары табылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресей және Беларусь елдерінен әкелінген тауықтан сальмонелла таяқшалары табылды.

Ресей және Беларусь тауық еттерінен сальмонелла таяқшалары табылды

Бұл туралы бүгін «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында ҚР Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігі төрағасының орынбасары - Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин мәлім етті.

«Біріншіден, тауық етінде су көп. Яғни, оның етіне су енгізілген, ол қандай су - түсініксіз. Ол техникалық су болуы да ғажап емес. Елге ет емес, су сатып келген. Оның өзі - лас су. Себебі екі өндірушіде де сальмонелла табылды. Олар - Ресей және Беларусь елдерінен әкелінген тауық еттері», - деп атап өтті ол.

Атап айтқанда, «Смолевичи Бройлер» (Беларусь), «Приосколье» (Ресей), «Майкопский птицекомбинат» (Ресей) компанияларының өнімдерінде 1,5 және 3 есе су көп табылған. «Курский Агрохолдинг» (Ресей), «Урал Бизнес» (Ресей), «Майкопский птицекомбинат» мемлекеттік тілде жазуы болмаған. Ал «Смолевичи Бройлер» және «Приосколье» өнімдерінде сальмонелла табылған. Оның айтуынша, сәуір айынан бастап Ресей және Беларусь елдерінен тауық етін жеткізуге тыйым салынды.

Айта кетейік, salmonella - құрғақ қоршаған ортада бірнеше апта, сулы жерде бірнеше ай өмір сүре алатын тұрақты бактериялардың бірі. Ол әлемде кең тараған сальмонеллез ішек ауруын туғызады. Дүние жүзінде жылына бірнеше миллион сальмоннелез оқиғасы тіркеледі. Оның 100 мыңға тарта оқиғасында адам шығыны орын алады.